ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Олар Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша күдікке іліккен, деп жазады Egemen.kz.
Күдіктілердің қатарында – «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар. Олардың заңсыз әрекетінің салдарынан 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын 7 ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген.
Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Күдіктілер байланысы бар компаниялар арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырылған.
«Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды», делінген ҚМА хабарламасында.
Қазір оларға қатысты тергеу жалғасып, екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған.