• RUB:
    6.37
  • USD:
    510.59
  • EUR:
    578.91
Басты сайтқа өту
Шымкент Бүгін, 09:30

Он оқтың жетеуі Шымкент қорғасынынан құйылды

10 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста фашистік Германияны жеңуге кеңес одағындағы республикалармен бірге Қазақ елі де аянбай үлес қосты. Миллионнан аса қазақ сарбаздары майдан даласында соғысса, тылда да «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұранмен тынымсыз еңбек етті. Қызыл әскерді оқ-дәрі, керек-жарақпен қамтамасыз ету жағынан Қазақстан алдына жан салған жоқ. Соның бірі – аты тарихта қалған Шымкенттегі қорғасын зауыты.

Құрылысы өткен ғасыр­дың 30-жыл­дары бастал­ған зауыт со­ғыс басталған тұс­та өнді­рісті ұлғайтып қор­ғасын бал­қытудан рекорд­тық көрсет­кіштерге жетті. Елімізде бүкіл қорғасын өн­дірісінің 90%-ы, КСРО бойын­ша 70%-ы осы Шым­кент қорғасын зауытына тие­сілі болды. Сондықтан со­ғыс жылдарында атылған әр­бір он оқтың жетеуі осы ме­таллургиялық комбинат­тың өнімінен жасалды. Сол себепті Шымкент қорғасын зауыты тек қаланың емес, күллі елдің мақтанышы болып қала бермек.

Жалпы, өндіріс орнының тарихына қысқаша үңілсек, зауыт сонау 30-жылдары КСРО аумағында жүргізілген индус­трияландыру саяса­тының нәтижесінде пайда болған. Кә­сіпорынның ше­жіресі туралы мәлімет іздес­тіргенімізде мынадай деректер көзімізге шалынды.

Негізінде қорғасын зауы­тының құрылысы Қаратау етегіндегі Ащысай кен орнын игеруге байланысты жүр­гізілді. КСРО заманында экономиканы бесжылдықтар­ға бөліп дамыту кеңінен қол­даныл­ды. Осыған орай бірінші бесжылдықта бұрынғы Оң­түстік Қазақстан облысында жаңа зауыт-фабрикалар құрылысы өте екпінді түр­де салынды. Ал қорғасын зауы­­тын тұрғызуға өкімет бел шеше кірісті. Ол үшін бүкіл күшті жұмсап республика мен КСРО-ның түкпір-түкпірінен жұмысшылар мен мамандарды жұмыл­дыр­ды. Табанды еңбек нәтиже­сінде 1934 жылы қаңтарда зауыттың алғашқы кезеңі іске қосылды. Сол кездің өзінде-ақ оның өндірістік қуа­ты бү­кіл еліміздегі қорғасын зауыт­тарының дәрежесінен асып түсті. Тарихи оқулықта көрсе­тілгендей, 1914 жылы күллі патшалық Ресей өндір­ген қорғасыннан өнімді 43 есе артық берді. Зауыт іске қосылған соң оның өндірістік қуатын арттыру жыл­дан-жыл­ға ұлғая берді. Мә­селен, 1936 жылы Ащысай кенішіндегі кен игеру алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,5 есеге, қорғасын зауытында өнім шығару 2 есеге артқан. Ал 1938 жылы кәсіпорын жоспардан тыс 5,5 млн сомның өнімін өндіріп, еліміздегі түсті металлургия зауыттарының арасында бірінші болып металл қорыту жөніндегі жоспарды асыра орындайды. 1939 жылы жанқиярлық еңбек­тің нәтижесінде шымкенттік метал­лургтер бүкіл одақ­та өндірілетін қорғасынның 60%-дан астамын шығарды. Социалистік жа­рыс пен стахановшылар қоз­ғалысын барынша өрістетіп, еңбекте жеткен ерен табыс­тары үшін Ленин ордені та­быс­талды. Бұл сол кезде кәсіп­орындар мен ұйымдарға бері­летін мемлекеттің ең жоғарғы марапаты еді.

Соғыс басталған жылы зауыт өндірісін майдан даласында оқ-дәріге қажетті шикізат­пен қамтамасыз етуге бейімдеді. Сөйтіп, 1941 жылдың соңына қарай орташа айлық еңбек өнімді­лі­гі алдыңғы кезеңмен салыс­тырғанда 20%-ға жуық артты. Зауыт бірнеше жаңа өнім түрлерін шығарды. Олардың қатарында висмут, баббит, металл сурмасы, қорғасын мен қорғасын прокаты, басқа да өнімдер бар. Соғыстың алғашқы кезеңін­де жау қо­лында қалдырмау мақ­сатын­да КСРО-ның батыс өңір­лерінен көптеген зауыт-фабрика елімізге көшірілді. Со­лардың ішінде 1941 жылдың аяғында Воронеж зауытының ұсталық-пресс машина жасау жабдықтары эвакуацияланып, Шымкент қорғасын зауытының механикалық цех аумағына орналастырылды. Кәсіпорын жанынан Подольск қорғасын-про­кат зауыты да жайғасты. Со­дан өндіріс көлемі ұл­ғайып қо­сымша қор­ғасын құбыр­лары, илем, прокат шығарылды.

«Шымкент майданға, елге өндірістік ауқымда қорғасын, снаряд, көмір, мақта, астық, ет, дәрі-дәрмек, киім-кешек, елтірі, сабын, май, көкөніс, жеміс-жидек жеткізіп отырды. Бұл Жеңіс арсеналына қосқан үлкен үлес болды», деп жазылған тарихи деректе. Бұл жерде Шымкент деп сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы ретінде айтылып отыр. Соғыстан ке­йін­гі жылдарда да кәсіп­орын тұрақты жұмыс істеп, талай жұмыскерлердің еңбек орнына айналды. Майдан даласынан оралған сарбаздар қаруын тастап осы зауыт­та жаңа еңбек майданын бас­тады. Шымкенттік майдан­герлердің көпшілігі жас ке­зінде қорғасын зауытын­да істеген қарапайым жұмысшы, ма­мандар еді. Зауыт қала­құ­раушы кәсіпорын есебін­де талай жыл шаһар тұрғын­да­рының жұмыс пен қалаға пай­да әкелген табыс көзі болып келді.

Қазіргі таңда зауыт аумағы жеке инвестор­ға беріліп, ол жерден жекеменшік индус­триалды аймақ бой көтерді. Инвестор бүгінгі таңда арнайы кәсіпорын ашып, қорғасын қалдықтарын те­рең өңдеуді қолға алған. Зауыт жабылып бұрынғы орнынан еш нәрсе қалмаса да, же­ңіс­ті жақындатқан даңқты кә­сіпорын ретінде халықтың есінде мәңгі сақталары хақ. Біз айтпақ болған Шымкент қорғасын зауытының қысқа­ша тарихы осындай.

 

ШЫМКЕНТ