• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Мамыр, 2025

Алматыда бильярдтан ардагерлер арасында жарыс өтті

200 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Парасат» орталығында ардагерлер арасында бильярдтан халықаралық турнир өтті. Бұл жарыс белгілі инженер, «Құрмет» орденінің  иегері, Талдықорған қаласының Құрметті азаматы, республикалық Бильярдшылар одағының президенті Жақсықұл Мырзахметұлының құрметіне арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздің бірқатар өңірі және көрішілес Қырғызстаннан келген ардагерлердің басын қосқан жарыстың ашылу салтанатында Техника ғылымдарының докторлары Ишенбек Жақыпыбеков пен Нұрлан Айтымбетов, ҚР Құрметті құрылысшысы Тоқмағамет Ибрагимов, Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қаныбек Қалдыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік пен ақ жол тіледі. Ал Жетісу облысы бильярд федерациясының президенті Тоқтар Есімов аталған облыс әкімі мен Талдықорған қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғыс хатын Жақсықұл Мырзахметұлына табыс етті.

Жарыстың өзіне келер болсақ, жекелеген сайыста Қырғызстаннан келген «Қара-Балта» командасының мүшесі Олег Кимге тең келер ешкім табылмады. Ол бас жүлдемен қатар 150 000 теңгені еншіледі. Күміс медальді Шымкенттің «Тұраны» клубының ойыншысы Алик Маханов иеленді. Оған 100 000 теңге бұйырды. Жергілікті «Коронаның» марқасқасы Мұрат Жайлаубаев қолаға қол созып, 50 000 теңгені қалтасына басты.

Командалық бәсекеде 14 ұжым шеберлік байқасты. Солардың арасынан Алматының «Коронасы» озып шықты. 700 000 теңгені олжалаған жеңімпаздардың сапында Қаныбек Қалдыбаев, Артықбай Санақұлов, Панабек Сарғалдақов, Мұратқан Шәйдемов, Мұрат Жайлаубаев, Валерий Мусиенко және Алым Машуров сынды бильяршылар асқан шеберлік танытты. Оларды осы жарысқа Ғабиден Қайымсұлтанов баптап әкелді. Финалда «Корона» Талдықорғанның «Жетісу-1» клубын қапы қалдырды. Қырғызстанның «Қара Балтасы» үздік үштікті түйіндеді. Жартылай финалға дейін жеткен командалардың әрқайсысына 400 000 және 200 000 теңгеден табыс етілді.