Премьер-министр Олжас Бектенов металлургия және мұнай химиясы салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Кеңесте өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов баяндама жасады. Сондай-ақ жоба бастамашылары Solidcore Recources бас атқарушы директоры Виталий Несис, «Татнефть» ЖАҚ бас атқарушы директоры Наиль Маганов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновке сөз берілді.
Терең өңдеу тәсілін меңгеруге ерекше назар аудара отырып, 17 ірі жобаның тізімі анықталып отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен $19,5 млрд-ты құрайды, 8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 5 ірі бастама іске асырылуда. 12 мамырда өткен жиында Үкіметте химия және металлургия салаларындағы 5 жоба қаралған болатын. Павлодар облысында құрамында жоғары көміртекті сульфидті алтын бар концентраттарды өңдейтін «Ертіс гидрометаллургиялық комбинаты» құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Кәсіпорын құрамында 300 мың тоннаға дейін алтыны бар концентратты өңдеп, Доре қорытпасы түрінде 15 тоннаға дейін алтын өндіреді. Инвестициялардың жалпы көлемі $978 млн-ды құрайды, 500 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру орны ретінде «Павлодар» АЭА таңдалды. Қазіргі уақытта инженерлік іздестіру жұмыстары аяқталып, уақытша ғимараттар мен құрылыстар жобасы бойынша экологиялық сараптамадан оң қорытынды алынған, жобаның инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Атырау облысында үш мұнай химиясы жобасы іске асырылады. Қуаттылығы жылына 305 мың тоннаға дейін өнім шығаратын бутадиен және оның өнімдерін шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі $900 млн-ды құрайды, 750 тұрақты жұмыс орнын ашып, кәсіпорынды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта қытайлық China Tianchen Engineering Corporation компаниясымен бірлесіп кеңейтілген базалық жоба әзірленуде. KMG PetroChem қуаттылығы жылына 735 мың тоннаға дейін өнім шығаратын полиэтилентерефталат өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыруда. Инвестициялардың жалпы көлемі $1,5 млрд құрайды, 400 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген. Сонымен қатар өңірде полиэтилен өндірісі бойынша алғашқы интеграцияланған газ химиясы кешенін салу жобасының екінші кезеңі басталды. Инвестиция көлемі $7,4 млрд құрайды, зауыттың қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна өнімге жетеді. 2029 жылы жобалық деңгейге шыққаннан кейін кәсіпорын премиумды қосқанда, сұранысқа ие полиэтиленнің 20-дан астам маркасын өндіретін болады. 800 тұрақты жұмыс орнын ашу қарастырылған. Газ химиясы кластерін қалыптастыру шеңберінде қуаттылығы 1,6 млн тоннаға дейін этан және жылына 355 мың тоннаға жуық пропан газын бөлу кешенін салу жоспарланып отыр. Инвестиция көлемі $2,7 млрд-ты құрайды, жоба 400-ден астам тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарының басталуына дайындық жүргізілуде, жобалау аяқталып сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Бұдан басқа, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жылына 6 млн-нан 12 млн тоннаға дейін кеңейту жөніндегі бастаманың іске асырылу барысы талқыланды. Жоба мұнай өңдеу көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді және шамамен 5,2 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Жобаға салынатын инвестиция көлемі $6 млрд деп бағаланып отыр.
Кеңес барысында металлургия мен мұнай химия саласында ауқымды өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру өңдеу саласының өсуіне ғана емес, сонымен қатар қазақстандық өндірушілердің өнімдері мен қызметтеріне тұрақты сұранысты қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді. Премьер-министр бұл отандық шағын және орта бизнестің өндірістік тізбектерге қатысуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Металлургия және мұнай химиясы – өнеркәсіптік өсім құрылатын, жұмыс орындары ашылып, қосылған құн қалыптастырылатын жүйе құраушы салалар. Қарастырылып отырған жобалар Қазақстанның ресурстарды өндіруден бастап, жаһандық нарықтарда сұранысқа ие толыққанды өнім өндіруге көшуін жеделдетеді. Сондай-ақ олардың айналасында шағын және орта бизнестің кең экожүйесін дамыту маңызды әсер етуі керек. Біз әрбір кластерді логистика, жабдыққа қызмет көрсету, құрылыс, қаптама өндірісі және басқа да салаларда ондаған бизнесті тарту орталығы ретінде қарастырамыз», деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр министрліктерге, әкімдіктерге және жауапты ведомстволарға жергілікті жерлерде жобалардың іске асырылуын тиісті үйлестіру мен бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Энергетика, өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика министрліктері барлық жобаны уақтылы іске қосу жөнінде шаралар қабылдауы қажет.