Мәдениет пен өнер – кез келген елдің мызғымас рухани діңгегі саналады. Бұл діңгектің мықты болуы, әрине, сол ұлттың сапасына, экономикасы мен дамуына әсер етеді. Иә, өнер – ұлттың жаны, мәдени тамыры.
Бүгінгідей түрлі технология қарыштап дамыған қоғамда осы мәдени тамырдың үзілмеуі маңызды. Бұл жолда ұлттың тереңнен тамыр тартатын мәдени кодын сақтауда еңбек етіп жатқан қаншама жанның ізі жатыр. Елдің ертеңі үшін жасалған жанкешті еңбек. Бүгінгі мереке қарсаңында осы саладағы ілкімді жаңалықтар мен тың бастамаларды айтып өтуді жөн көрдік.
Тәуелсіздік жылдарынан бері ұлттың рухани иммунитетін қалыптастыратын құндылықтардың дамуына, сақтауға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп келеді. Ең алдымен, 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні болып бекітілді. Төл мереке. Бұл күн дәстүрлі түрде мәдениет мерекесіне айналды.
Өнерімен озған ұлттың болашағы да кемел болары сөзсіз. Бұл пайымды ойды Мемлекет басшысы ешқашан қаперден шығарған емес.
«Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады», деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде елімізде сегіз мыңға жуық мәдениет ошағы бар. Театр, музей, кітапхана, концерттік ұйымдар, шағын өнер ордаларында 64 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Әр мәдениет ошағы – ұлт өнерінің көмбесі, ұлт мұрасының ордасы. Әр мәдениет ошағының тынысы бөлек, тарихы түрлі.
Былтыр 45 мәдени нысанның құрылысы аяқталып, 255 нысанға жөндеу жұмысы жүргізілді. Ал биыл 51 нысанның құрылысы мен 250 нысанды жөндеу жұмысы жоспарланып отыр. Жалпы, мәдени ошақтарды жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Кейінгі отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді.
Сондай-ақ биыл азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын кезең-кезеңімен орта есеппен 20%-ға арттыру жалғасып жатыр. 2022 жылдан бері мәдениет және архив саласында еңбек ететін 64 мың қызметкердің жалақысы екі еседен астам өсті.
Аталған саладағы өзгерістерге тоқталсақ, «Халық әртісі» құрметті атағы қайта тағайындалып, биыл екінші рет өз иелеріне табысталып отыр. Еліміздегі бір академиялық театр мен музей-қорығына, сондай-ақ Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейі мен Орталық мемлекеттік музейге «Ұлттық» мәртебе берілді.
Өткенді сақтау, жаңғырту – тәуелсіз ұрпақтың белгісі. Бүгінде елімізде 25 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары тіркелген. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізбесіне 265 нысан енгізілді, тағы 12 мың нысан – жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесіне ие. Сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде 10 мәдени мұра нысаны бар. Мемлекет халықаралық тізілімдерге Маңғыстаудың жерасты мешіттерінен бастап, Ұлы Жібек жолы дәлізіне дейін жаңа нысандарды енгізу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мәдени бірегейлікке тек ескерткіштер ғана емес, халқымыздың жүзжылдық дәстүрлері де жатады. Мәселен, былтыр «Беташар» рәсімі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілуі айтулы оқиға болғаны рас.
Осы орайда биыл Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы, Евгений Брусиловскийдің 120 жылдығы секілді бірқатар маңызды мерейтойлар аталып өтетінін еске салайық. Бұдан бөлек, осы жылы оннан аса елде ұлттық оркестрлер мен ансамбльдердің гастрольдік сапарлары жоспарланып отыр. Сондай-ақ КСРО Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын мерекелеу аясында Францияда ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мәдениет күндері өтпек.
Жыл басынан бері еліміздің мемлекеттік театрлары 3 695 спектакль көрсетіп, 76 жаңа қойылым ұсыныпты. 667 910 көрерменге қызмет көрсетіп, ел ішінде 41 гастрольдік сапарға шыққан. Салыстырмалы түрде, бұл – жақсы көрсеткіш.
Ал кино саласына келсек, тәуелсіздік алғаннан бері 2024 жылы алғаш рет прокаттағы отандық фильмдердің үлесі 20%-дан асты. Қазақ киносының алтын қорындағы «Менің атым – Қожа» секілді жауһар туындылар қалпына келтіріліп, көрерменмен қайта қауышты. Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау жүйесі дамып келе жатқанын да көзбен көріп отырмыз. Атап айтсақ, биыл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына 350-ден астам өтінім келіп түскен. Жас кинорежиссерлер Асхат Кучинчирековтің «Бауырына салу», Дархан Төлегеновтің «Бауырлар» фильмдері «Азия Оскарының» лауреаттары атанғанына да ел қуанып еді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен түсірілген Жандос Құсайыновтың «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмі еліміз бен шетелдерде жақсы пікірге ие болды. Ал Данияр Ибрагимовтің «Бүркіт» патриоттық драмасын сыншылар жоғары бағалап, фильм кассалық табысқа қол жеткізді.
Ұлттың мәдени деңгейі мен рухани келбеті де замана талабына сай қайта жаңғырып, жаңаша тыныс алуы заңды. Осы орайда тарих қойнауынан тамыр тартатын құндылықтарымыз – мәдениеттің мәйегіне айналып, ғасырлар бойы жасай беретіні де сөзсіз.