Үкімет Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын реконструкциялауға 1,8 млрд теңге бөлді, деп жазады Egemen.kz.
Реконструкция Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асырылады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Қаражат шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысын жаңғыртуға мүмкіндік беретін мембраналық жабдықты орнату арқылы қуаты тәулігіне 124 мың м3 қолданыстағы тазарту құрылыстарын толық реконструкциялау жобасының екінші кезегін жүзеге асыруға бағытталды.
Аталған жобаны жүзеге асыру Жезқазған қаласы тұрғындары үшін әлеуметтік маңызды мәселе болып отыр.
Облыс орталығындағы халық ауыз суды Кеңгір су қоймасынан тұтынады. Қаланың шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстары 1966 жылы пайдалануға берілген. Жабдықтар мен технологиялардың шамамен 90 пайыз тозығы жеткен.
Жезқазған қаласында 93,3 мың халық бар. Бөлінген қаржы жергілікті тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.