• RUB:
    6.35
  • USD:
    510.78
  • EUR:
    576.06
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:15

«Талдықорған – Үшарал» газ құбырының желілік бөлігін салу аяқталды

20 рет
көрсетілді

Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысының барысымен танысты. Ресми қонақтарды Ақсу ауданындағы құрылыс алаңына облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов бастап барды.

Белгілі болғандай, «Талдықорған – Үшарал» газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары аяқталған. Қазір автоматты газ тарату стансалары тұрғызылып жатыр.

Алдымен «Жансүгіров» АГТС-ның алаңына барған ресми қонақ­тар мұндағы атқарылып жатқан жұ­мыстармен таныс­ты. Бұл ретте Санжар Жаркешов бірінші кезекте жұмыстың сапасына баса көңіл бөлуді қатаң тапсырды.

«Бүгінгі күні «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын салуға үлкен назар аударылып отыр. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасымен, ұлттық қордың қаржылай қолдауымен қолға алын­ған ауқымды жоба. Өткен жылы Үкі­мет басшысы Жетісу облысына келгенде құры­лыс жұмыстары басталған болатын. Жобаның әлеуметтік маңызын ескере отырып, жұмыстарды қарқынды жүргіздік. Соның нәтижесінде белгіленген мерзімінен бір жарым жыл бұрын, яғни 2025 жылдың жылыту маусымына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл «QazaqGaz», облыс әкімдігі және мердігер компания – үш тараптың бірлескен үлгілі командалық жұмысының нәтижесі», деді «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Айта кетейік, жобаға Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» қоры мен Жетісу облысының әкімдігі қолдау білдірді.

Жобаның технологиялық схемасына сәйкес газ құбырының жалпы ұзындығы 302,441 км құрайды, жобалық қысымы РР=9,8 МПа. Жобада сондай-ақ 6 газ құбыры бұрмасын, «Жансүгі­ров», «Қапал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабанбай», «Үшарал» – 6 автоматты газ тарату стансасын салу көзделген.

Бүгінгі таңда жаңа газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы аяқтал­ды. 

Қазірде барлық алты автоматты газ тарату стансаларының құрылысы қатар басталды. Құрылысқа 148 арнайы техника мен 356 жұмысшы жұмылдырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда, кестеден озып келеді.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекендердің ішкі желілерін жүргізудің дайындық жұмыстары туралы айта келе:

«Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры жобасының арқасында Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарында 66 елді мекенге газ тартылатын болады. Алты елді мекенді биыл, қалған 60-ын келесі жылы газға қосамыз. Соның ішінде Ақсу қант зауыты да бар. Осы шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсарту­ға, сол сияқты кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының жұмысын жандандыруға барынша тиімді, өңірдің экономикасын дамытуға үлкен серпін береді», деді.

Еске сала кетелік, Жетісу облысында 192 елді мекен газдандыруға жатады. Облыс бөлінгенде небәрі бес елді мекенде ғана газ болған, бүгінгі күні газдандырылған елді мекендер саны 84-ке жетіп, газдан­дыру деңгейі 58,2%-ды құрады. Жыл соңына дейін көгілдір отын тар­тылған елді мекендер санын 126-ға, газдандыру көрсеткішін 71,4%-ға жеткізу жос­парланып отыр, яғни 500 мың адам газдың игілігін көреді деген сөз. Оған қоса «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құрылысы­ның арқасында 66 елді мекен газға қосылады. Сөйтіп, 2028 жылға дейін облыстың газдандыруға жататын 192 елді мекені толық көгіл­дір отынға қол жеткізетін болады.