• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Аймақтар Кеше

Өрендер өндіріске экскурсия жасады

30 рет
көрсетілді

2025 жыл – елімізде «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланды. Аталған бастамаға орай, Абай облысы жастарды техникалық және жұмысшы мамандықтарына баулуды мақсатында Ақтоғай тау-кен байыту кешенінде Қопа ауылының мектеп түлектеріне арналған экскурсия ұйымдастырылып, жасөспірімдерге өндіріс орны таныстырылды.

 

Іс-шара барысында мектеп оқушылары кеннен мыс өндіру барысымен танысты. Олар руданың алғашқы өңделу сәтінен бастап, дайын өнімге дейінгі барлық өндірістік кезеңдерді өз көздерімен көріп, заманауи технологиялар мен қондырғылардың жұмысымен танысу мүмкіндігіне ие болды.

Экскурсия барысында қауіпсіздік техникасы басты назарда болды. Әрбір оқушыға өндірістік ортада өзін-өзі ұстау ережелері түсіндіріліп, арнайы нұсқама берілді. Бұл – балалардың еңбек мәдениетін терең түсініп, кәсіби тәртіпке бейімделуіне үлкен септігін тигізеді.

Мектеп түлектері негізгі өндірістік алаңдарды аралап, жұмысшылардың тынығу орындары мен әлеуметтік жағдайларымен де танысты. Мұндай жан-жақты ақпарат жастардың кәсіптік бағдарын нақтылауына, өндіріс саласына қызығушылықтарын арттыруына ықпал етті.

Экскурсия соңында оқушылар мен ұстаздар жағымды әсерлерімен бөлісіп, компанияға ризашылықтарын білдіріп, табысты даму мен өркендеу тіледі.

«Экскурсия барысында оқушылар кен өндірудің барлық кезеңдерімен танысып, өндірістік қауіпсіздік ережелері бойынша кіріспе сабақтарға қатысты. Бұл тәжірибе олардың болашақ мамандық таңдауына үлкен әсер етті. Оқушылар инженер, техник, оператор сынды мамандықтардың маңыздылығын түсінді. Бұл – олардың кәсіби бағдарын айқындауға зор мүмкіндік болды. «KAZ Minerals» компаниясы білім беру саласына қосқан үлесі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да осындай игі істер жалғасын табады деп сенеміз. Бұл – балалардың жарқын болашағына қосылған үлес, ауыл мектебінің дамуына жасалған маңызды инвестиция. Әрбір демеушілік жоба – білім сапасын арттыруға, оқушылардың қызығушылығын дамытуға және жайлы орта қалыптастыруға зор мүмкіндік», дейді Қопа ауылы С. Сейфуллин атындағы ЖББОМ мұғалімі Меруерт Сайтбаева.

Осындай іс-шаралар – өңір жастарының болашағына бағытталған маңызды қадам. Олар мектеп партасынан-ақ өндіріс тынысымен танысып, өзінің ертеңгі мамандығын саналы түрде таңдауға жол ашады.

Абай облысы