• RUB:
    6.3
  • USD:
    509.51
  • EUR:
    570.6
Басты сайтқа өту
Әдебиет Кеше

Ұлытауда жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтті

20 рет
көрсетілді

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Ұлы дала елінің рухани темірқазығы – Ұлытау» атты жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесі өтті.

Семинар-кеңеске еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас қаламгерлер, министрлік жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубының мүшелері және жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алқалы жиында қаламгерлер қазіргі қазақ әдебиетінің даму үрдісі, шығармашылық ізденістер, кітап шығару ісі мен әдеби жобалар жайлы пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Сондай-ақ іс-шара барысында ұлттық әдебиеттің алтын қорына енген 100 көрнекті туындыны анықтауға бағытталған жалпыұлттық сауалнама кеңінен талқыланды.

Екі күнге созылған бағдарлама аясында қатысушылар Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелері мен Хан Оордасы сияқты тарихи-мәдени нысандарды аралап, ұлт шежіресіне қатысты маңызды деректермен танысты.

Іс-шара шеңберінде облыстық «Ұлар» әдеби клубының кеңсесі ашылып, С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрының қойылымы көрерменге ұсынылды.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жанынан құрылған «Алқа» жастар әдеби клубы жас қаламгерлерді қолдау, тарихи-рухани мұраны насихаттау бағытында бұған дейін Астана, Алматы, Жетісу, Абай және Қарағанды облыстарында әдеби турлар мен көшпелі отырыстар өткізген болатын.

Семинар-кеңестің негізгі мақсаты – Ұлытаудың тарихи, рухани және мәдени маңызын насихаттау арқылы ұлттық бірегейлікті нығайту, отандық ақын-жазушылардың шығармашылығы арқылы ел рухын көтеру және Ұлытау өңірінің ұлт тарихындағы айрықша орнын кеңінен таныту.