• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Мамыр, 2025

Атырауда екі спорт нысаны мемлекет меншігіне қайтарылды

190 рет
көрсетілді

Атырау облысында футбол клубы мен 2 ірі спорт нысаны сенімгерлік басқаруда болған. Енді бұл нысандардың жұмысына  облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы бақылау жүргізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықовтың айтуынша, аталған нысандар Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды тиімді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қолға алыныпты.

«Сенімгерлік басқаруда болған дене шынықтыру-сауықтыру кешені, мұз айдыны мен «Атырау» облыстық футбол командасы» ЖШС мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл өзгеріс өңірдегі спорт саласының ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, аталған нысандардың қызмет сапасын жақсартуға жол ашады. Мемлекеттік меншікке өткеннен кейін бұл мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңарту, қызмет сапасын көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі», деді Нұрбол Сыдықов.

Мемлекет меншігіне қайтарылған спорттық нысандарда балалар мен жасөспірімдерге арналған тегін үйірмелер мен спорт секцияларының жұмысы тұрақты түрде жалғасады. Енді сенімгерлік басқарудағы орталық жүзу бассейнін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталады.