Жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар арасында адам папиллома вирусы (АПВ) әлемде ең кең тараған вирустың бірі саналады. Оның кейбір түрлері онкологиялық ауруларға, соның ішінде жатыр мойны обырына себеп болуы мүмкін. Бұл туралы бізге Қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Жұлдыз Әлпіламқызы айтып берді, деп жазады Egemen.kz.
Адам папиллома вирусы – адамның терісі мен шырышты қабатын зақымдайтын вирус. Маманның айтуынша, оның 200-ден астам түрі бар. Соның ішінде 16 және 18 түрлері өте қауіпті. Олар ұзақ уақыт ағзада қалып, қатерлі ісіктің дамуына әкелуі мүмкін.
Дәрігердің сөзінше, АПВ жыныстық қатынас кезінде жұғатыны белгілі. Алайда кейде вирус тері немесе шырышты қабаттардың жанасуы арқылы да берілуі мүмкін. Сирек жағдайда босану кезінде анадан балаға да жұғуы ықтимал.
АПВ – әлемде кең тараған вирустың түріне жатады.
«Ер адам болсын, әйел адам болсын 80 пайыз жағдайда АПВ жұқтырып алу ықтималдылығы бар. Статистика бойынша, әлемдегі әр 10-шы ер адам және әр 8-ші әйел адамда АПВ-ның бір немесе бірнеше түрі анықталады. Сонымен қатар әлемдегі анықталған жаңа қатерлі ісіктің 4,5 пайызы, яғни 630 мыңнан астамы осы АПВ-мен байланысты», дейді дәрігер.
Айта кететін жайт, АПВ-ға қарсы вакцина – жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алатын әлемдегі жалғыз екпе. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакцинаны қауіпсіз әрі тиімді деп таныған.
«АПВ-ға қарсы екпе 9–13 жас аралығындағы қыздар мен ұлдарға ұсынылады. Себебі, жастардың ең бірінші жыныстық қатынасқа түскенге дейін олардың ағзасында АПВ-ға қарсы иммунитет қалыптастыру керек. Сондықтан осы жас аралығы алынып отыр», деп түсіндіреді маман.
Қазақстанда 2024 жылдан бастап 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация жүргізіліп келеді. Вакцина ата-ананың жазбаша рұқсатымен тегін салынады. Сонымен қатар 12–13 жасқа толып вакцина алмаған қыздарға да екпе салуға мүмкіндік бар.
«Қазіргі таңда елімізде қолданылып жүрген Гардасил-4 вакцинасы АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 түрлерінен қорғайды. Бұл – жатыр мойны обырының 97 пайызына себеп болатын негізгі вирустар», дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, кейбір ата-аналар АПВ туралы ақпараттың аздығынан екпеден бас тартып жатады. Алайда дәрігерлер бұл шешім баланың болашақ денсаулығына зиян тигізуі мүмкін екенін ескертеді.
«Жатыр мойны обыры бастапқы кезеңдерде ешқандай белгілерсіз өтеді. Көп жағдайда ауру үшінші немесе төртінші сатыда ғана анықталады. Ол кезде емделу мүмкіндігі күрт төмендеп, өлімге әкеп соғуы мүмкін», дейді маман.
Соңғы жылдары АПВ-ға қарсы ақпараттық науқандар көбейіп, мектептерде ата-аналар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қуантатыны – 15–19 жастағы қыздарына вакцина салдырғысы келетін ата-аналар көбейіп келеді. Бұл – қоғамда түсінік қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Бастысы – ата-ана өз баласының болашағы үшін дұрыс шешім қабылдауы керек», дейді дәрігер.
АПВ – қауіпті, бірақ алдын алуға болатын вирус.
«Әрбір ата-ана бұл мәселеге салмақпен қарап, өз қыздарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс», деп түйіндеді дәрігер.