Бүгінде ел халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ – Қазақстанды жаңғыртудың басты қозғаушы күші әрі Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалардың белсенді қатысушысы болуға тиіс деген еді.
Осыған байланысты мемлекет жас буынның білім алуына, еңбекке араласуына, кәсіпкерлікпен айналысуына, шығармашылық әлеуетін дамытуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қажетті жағдай жасап отыр. Жастарды қолдауға бағытталған саясатты Мәдениет және ақпарат министрлігі жүйелі іске асырып келеді.
Мәселен, таланты таудай жастарды қолдаудың маңызды тетігі ретінде Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты енгізілді. Бұл грантқа 123 жас отандасымыз ие болды, жалпы қаржы көлемі 369 млн теңгені құрады. Бастама өңірлер тарапынан да қолдау тауып, былтыр 308 млн теңге сомасына 216 өңірлік грант берілген-ді. Қаражат бизнес, мәдениет, спорт, ақпараттық технологиялар, волонтерлік және ғылым саласындағы жобаларды жүзеге асыруға бағытталды.
Сондай-ақ 2023 жылы жастар жасына қатысты шекті межелер ресми түрде қайта қаралып, 29-дан 35 жасқа дейін ұзартылды. Осы өзгеріс жастарға мемлекеттік қолдаудың жеңілдіктеріне кеңірек қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Жастар саясаты саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – 2023–2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының Мемлекет басшысы тарапынан бекітілуі болды. Бұл құжат – жастармен жұмыстың стратегиялық басымдықтары мен жаңа тәсілдерін айқындаған жүйелі бағдарлама. Тұжырымдаманың басты қағидасы – «жастар үшін емес, жастармен бірге». Яғни жастар енді мемлекеттің қамқорлық нысаны ғана емес, шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысатын серіктеске айналды.
Бұл тәсілдің тиімділігін Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес пен Президенттік жастар кадрлық резерві дәлелдеп отыр. Қазіргі уақытта резервке алынған қатысушылардың 80 пайызы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жемісті еңбек етіп жатыр. Бүгінде бұл тәжірибе өңірлерде де жалғасып, облыстарда жастар кеңестері құрылып, кейбір аймақтарда жергілікті жастар кадрлық резервтері жасақталды.
Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – жастар саясатының басым бағыттары. Кейінгі үш жылда мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде жас кәсіпкерлердің саны 12,1%-ға артты. Маңыздысы – бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 0,8%-ға төмендеп, қазіргі таңда 3,1%-ды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, көршілес Ресейде бұл көрсеткіш 7%-дан жоғары, ал Өзбекстанда 10%-дан асады.
Жастардың жұмыс табуына және кәсіби дағдыларды меңгеруіне «Joltap», «Jumystap», «Mansap Compass», «Skills Enbek» бағдарламалары жәрдемдесті. Бұған қоса Жұмыспен қамту орталықтарымен бірлесе отырып, жастар ресурстық орталықтары (ЖРО) тек биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде 205-тен аса бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Бұл формат жастар арасындағы жұмыссыздықты төмендетудің ең тиімді құралы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Айтпақшы, ауылдық жерлердегі және NEET санатындағы жастарға арнайы кеңес те берілді. 1 шілдедегі жағдай бойынша, жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 220,6 мың жас қатысты. Олардың ішінде 44,5 мыңы – осы ауыл жастары. Жалпы, 62,4 мың азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында елде жыл сайын «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, сондай-ақ жас жазушыларға, ақындарға және айтыскерлерге арналған арнайы марапаттар табысталады.
Экологиялық мәдениетті қалыптастыруда «Таза Қазақстан» жобасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Бастамада «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы маңызды рөл атқарып отыр. Биыл маусымдық жұмыспен 35,1 мың азамат қамтылды, бұл жоспарланған көрсеткіштен 17%-ға артық.
Жыл басынан бері «Жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алу» атты ұзақмерзімді гранттық жоба іске асырылып келеді. Оның аясында өңірлерде 20 фронт-офис және Астана қаласында республикалық фронт-офис құрылды. Сонымен қатар «Mergen» жүйесінің көмегімен есірткіге қатысты заңсыз контенті бар 5 мыңнан аса интернет-ресурс анықталып, бұғатталды.
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы мемлекеттік саясат елдің 17 өңірінде жүзеге асырылып жатқан өңірлік ипотекалық бағдарламаларды дамытуға негізделген. Сонымен қатар «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары да жалғасын тапты. Олардың қатысушыларының 60 пайыздан астамын жастар құрайды.
Жалпы алғанда, Тұжырымдаманы іске асырудағы аралық нәтиже жастарды қолдау жүйесінің кезең-кезеңімен дамып жатқанын көрсетеді. Ал бұл жаңартылған кешенді экожүйе біртіндеп қалыптасып келеді деген сөз.