• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ Бүгін, 09:20

Ерім дейтін ел қайда?

160 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жуырда өткен ХХХІV сессиясында сұрапыл соғыс кезінде теңдессіз батырлық көрсеткен отандастарымызды әрдайым құрметпен есте сақтау керектігін, Жеңіс туралы ұмытпау – ең алдымен ержүрек батырларымыздың жанқиярлық еңбегі мен ерлігін, парызға адал, антқа берік болғанын есте тұту керек екенін айтқан болатын.

Сондай-ақ Президент өзінің тапсырмасымен Республикалық ономастикалық комиссия елді ме­кен­дердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһарман­дар­дың есімін беру туралы шешім қабыл­даға­нын жет­кізді. «Бұл шешім – Ұлы Жеңіс­ті, оған қа­тысушыларды қаншалықты қадір тұ­татыны­мызды көрсететін маңызды қадам», деді ол.

Елімізде Отан үшін от кешіп, оққа кеудесін тосқан, бірақ кейінгі жылдары ескерусіз қалып, ұмыт болып бара жатқан ержүрек ерлер аз емес. Соның бірі – киелі Семей топырағының тумасы, майданда елін қорғап, ерлігімен танылған Жұмай Омарханұлы. Әйгілі әскери қолбасшы Георгий Жуковтың «Курск доғасындағы шайқасқа қатысқан әрбір жауынгерге батыр атағын беруге болады» деген қанатты сөзі бар. Ж.Омарханұлы да – осы шайқастың белді қатысушысы. Курск түбінде қаһармандығымен көзге түскен ол «Ерлігі үшін» наградасын кеудесіне таққан.

Жұмай 1924 жылы қазіргі Абай облысы Мақаншы ауданы Қабанбай (бұрынғы аты – Жарбұлақ) ауылында өмірге келген. 1941 жылы соғыс басталғанда 9-сыныпта оқып жүрген. Келесі жылы 18 жасқа тола сала өзі сұранып майданға аттаныпты. Әкесі Омархан жар дегенде жалғыз ұлын соғысқа жіберуге қимай, көзіне жас алып шығарып салған деседі. Әдеттегідей әскер қатарына жаңа қосылғандарды алдымен 1-2 ай жеделдетілген оқу-жаттығудан өткізген соң, жүректі жас жауынгер қолына қару алып, майдан даласына аттанып кете барады.

Оның кенже ұлы Марат Жұмайұлы 2018 жылы әкесінің табаны тиген Курск, Брест қалаларына, Беловежь тоғайына барып, сол жақтағы архивтерден біраз мәлімет алып қайтқан. Әкесінің өзі де соғыс туралы, әсіресе Курск майданындағы шайқас жайында көп естелік қалдырғанын айтады. «Қазіргі көрсетіліп жатқан соғыс туралы киноның бәрі өтірік», дейді екен ол. Өйткені шын мәнінде Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы жылдарында кеңес армиясының жағдайы өте мүшкіл болса керек. «Кей кездері бес адамға бір мылтық беріле­тін. Бірақ шабуылға бәріміз шығуға міндеттіміз. Бір адам мылтықпен жүгірсе, қалғандары ағаш, темір секілді қолына түскен нәрсені ұстап шабуылға шығады. Алдағы қару ұстаған бір адам оққа ұшса, артындағы бос адамдар соның қаруын іліп әкететін. Оқ дегенің жаңбырша жауғанда окопта тығылатын жер таппайтын едік. Жанымыздағы қаза болған қарулас жолдастарымыздың қанын кешіп жүрген кезіміз аз емес», дейтін ол.

М.Жұмайұлы әкесінің басынан өткен мына бір оқыс оқиғаны да бізге баяндап берді. «Бір күні орманның ішіндегі қанқұйлы шайқастан кейін тұтас ротадан екі-ақ адам тірі қалыпты. Соның бірі – әкем. Екеуі адасып жүргенде жанындағы жауын­гер: «Жұмай, бәрі бітті, мен немістерге беріле саламын», деп кері қайтады. Әкем әрең дегенде өз әскерімізді тауып келсе, сол жердегі командирлер: «Ротаң қайда?» деп тергей бастайды. Олар бұны майдан шебін тастап қашып кетті деп ойласа керек. Бұл уақытта қашқындарды бірден атып тастау туралы бұйрық болатын. Әкем шайқаста рота түгелдей қаза тауып, өзі ғана тірі қалғанын қанша түсіндірсе де, олар бұған сенбей, әкемді атуға дайындала бастайды. Сол уақытта, абырой болғанда, орманның ішінен әкемнің ротасынан тірі қалған тағы екі орыс жігіті шыға келіп, болған жағдай­ды баяндаған соң ғана ажалдан аман қалыпты», дейді ұлы.

Қызыл әскер Ж.Омарханұлы маршал К.Рокоссовский басшылығындағы 70-атқыш­тар дивизиясының 203-атқыш­тар полкінде байланыс бастығы қызметін атқарған. Қарулас серіктері оны «Жора» деп атайды екен. Курск доғасындағы шайқас туралы бір естелігінде окопта қасында 35–40 жас шамасындағы екі қазақ азаматы болғанын айтыпты. Олар: «Жұмай, сен шабуылға шыққанда алға түспе. Біздің артымыздан жүр. Сен әлі жассың. Өлсек, біз өлейік, сен тірі қал», депті. Артынша кезекті шабуылда сол екі жігіт те оққа ұшып, қаза табады.

Курск доғасындағы шайқастан кейін фашистердің түпкілікті тауы шағылып, артқа қарай жөңкіле шегінгені белгілі. Ж.Омарханұлы одан әрі Беларусьті азат етуге қатысып, Польша жеріндегі ауыр шайқастың бірінде оң жақ кеуде тұсына оқ тиіп, жарақат алады. Жолдастары оны көтеріп алып шығып, далалық госпитальға жеткізіпті. Бүгінде ұрпақтарының қолында Эвакуациялық госпитальдың 1944 жылдың 14 тамызында берген №102 куәлігі сақталған. Онда сержант Ж.Омарханұлының қай күні, қай жерде оқ жарықшақтарынан жара­ланғаны жазылған. Ұлының сөзінше, әкесі кейінгі бір естелігінде далалық гос­питальда дәрігерлер оқ тиген жерін тазала­ғанын, ол уақытта мұндай емдік шараның бәрі наркозсыз жасалғанын, сондықтан шыдау үшін аузына қасық тістеп жатқанын айтыпты.

Осы жарақатынан кейін жас жауынгер соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қай­та­рылады. Келген соң ауылдағы өзі оқыған Жарбұлақ орта мектебіне мұғалім болып орналасып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. 1951 жылы Семей педагогикалық институтына түсіп, сырттай оқып аяқтаған соң, аталған мектепте оқу ісінің меңгерушісі, кейін директоры қызметтерін атқарған. Семейдегі институтта оқып жүргенде Үмітхан Омарқызымен танысып, отау құрып, екеуі 7 баланы өмірге әкелген.

Ұлының айтуынша, кезінде жергілікті басшылар майдангерге «Сіз тұрған үйге ескерткіш тақта орнатайық. Мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындайық» десе,  әкесі: «Еліміз онсыз да қиын күн кешіп жатыр. Мемлекетке артық салмақ салып қайтемін?» деп қарсы болған екен.

Өкінішке қарай, ел мүддесін бірінші кезекке қоя білген кейіпкеріміздің денсаулығы соғыста алған жарақатынан кейін оңалмаған көрінеді. Бір естелігінде: «Біздің бір жанымыз сол майданда қалды. Қысы-жазы окоптың ішінде өмір сүрдік. Шынайы соғысты көрген адамдар ұзақ өмір сүрмейді», депті. Кейінгі жылдары рентгенге түсіргенде денесінде әлі де 6-7 оқ жарықшағы қалып қойғаны белгілі болған. Соның салдарынан шығар, 1974 жылы 21 қаңтарда ұйқыға жатқан күйі оянбай, үзіліп кете барған. Бұл кезде ол бар болғаны 49 жаста ғана еді...

Бір әттеген-айы, жарты ғасырдай бұрын өмірден озған соғыс ардагерінің есімі бүгінде көп аталмай, ұмыт болып бара жатыр. 2005 жылы Жеңістің 60 жылдығына орай Өскемен қаласында жарық көрген «Жеңіс деп соққан жүректер» кітабына енген екен. Алайда осы өлкеден шыққан майдангерлердің есімдері көшелерге берілгенімен, Жұмай Омарханұлы ғана елеусіз қалып отыр. Бүгінгі ұрпақтары Қабанбай ауылындағы өзі оқып, білім алған, кейін ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған орта мектепке немесе туған ауылындағы бір көшеге аталарының атын беруді қалайды. 

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дейді халық даналығы. Биыл Жеңіске 80 жыл толды. Осы ұлы қуанышты ұрпағына сыйлаған қаһарман аталар қатары сиреп барады. Олардың әрқайсысы қандай құрметке болсын лайық. Сіз бен біздің бүгінгі бақытты өміріміз үшін қолына қару алып, ажалға кеудесін тосқан, соғыстан денсаулығын беріп оралған Ж.Омарханұлы сынды ердің де есімі ұлықталып, құрмет төрінен орын алып жатса, қане...

Соңғы жаңалықтар