Ел медицинасының мәйіттік донорлыққа бет бұрғанына аса көп уақыт өтпесе де тәп-тәуір нәтижеге қол жеткізіп отыр. Оған 2013 жылдан бері сәтті өткен бауыр, бүйрек, жүрек ауыстыру операциялары дәлел, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгінде Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықта 40-тан астам донорлық стационар, 7 транспланттау орталығы, 5 зертхана және медициналық авиация бар. Донорлық жайында айтар болсақ, 18 жастан асқан пациент денсаулығы сыр беріп, ауру асқынып, ми өлімі анықталса донор бола алады. Ағза алуға мәжбүрленген, ес-қабілеті дұрыс болмаған, психикалық аурулары бар, қатерлі ісікке және инфекциялық ауруларға шалдыққан азаматтар донор бола алмайды.
Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директорының міндетін атқарушы Назгүл Жангелдинаның айтуынша, қазір донорлық бойынша күту парағында 4 384 адам тұр.
«Күту парағында тұрғандардың 121-і – бала. Жалпы, 2020 жылдан бері елде 1209 трансплантация жасалды. Өкінішке қарай, олардың 80% туыстық донор болса, небәрі 15% – мәйіттік донорлар. 2020 жылдан бері мәйіттік донор боламын деушілер саны азайды. 2024 жылы 86 ықтимал донор болды. Олардың 10-ы ғана келісімін берді. Төртеуінің қарсы медициналық көрсеткіштері болғандықтан, тек 6 адамның ғана ағзаларын қолдану мүмкін болды. Нәтижесінде 23 транспланттау операциясы жасалды. Ал, кейінгі 10 айда 131 ықтимал донор анықталып, 10-ы өзекті болды. Соның арқасында 42 операция жасалды», деді спикер.
Ескеретін жайт, eGov порталы арқылы әр отандасымыз донор болуға қатысты өз еркін білдіре алады. Қазір осыған 134 мың адам тіркелген. Олардың 10 мыңнан астамы донор болуға келіссе, 122 мыңы бас тартқан.