• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Мереке 15 Мамыр, 2025

Отан – қуат, отбасы – шуақ

350 рет
көрсетілді

15 мамыр – Халықаралық отбасы күні. Атаулы дата БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен 1993 жылы бекітілді. Еліміз басқа да мемлекеттер қатарында бұл бастаманы қызу қолдады. Дегенмен 2013 жылдан бастап қыркүйек айының әр екінші жексенбісі ұлттық Отбасы күні болып белгіленді. Бұл мерекелердің басты мақсаты – қоғам назарын отбасы проб­лемаларына, отбасы институтын қолдау, отбасы құндылықтарын нығайту, насихаттау мәселелеріне аудару.

Байыпты, бақуатты отбасы – қоғам өмірінің құрамдас бөлігі, мемлекеттің тұғырлы тірегі, ізгі­лікті іргетасы. Отбасы, отбасылық құндылықтар – кез келген адамның өмірін құрайтын, аса маңызды қазына. Ұлағат ұясы адамшылық абзал қасиеттерге, жауапкершілікке, еңбексүйгіштікке, Отанға, өскен ортаға, үлкенге деген сый-құрметке тәрбиелеп, азаматтық ұстанымдар мен гуманистік мұраттарға негізделген дүниетанымның негізін қалайды. Әрбір жан иесі отбасында өсіп-өнеді, отбасылық құндылықтар оның жан-жақты дамуына қажетті дағдыларды қалыптастырады. Өскелең ұрпақтың мінез-құлқы, болмыс-бітімі отбасында берілген тәлім-тәрбиенің айқын көрінісі, нақты жемісі. Халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қанатты сөзі осы тұрғыда айтылған.

Мемлекет басшысы отбасындағы құндылықтарды сақтау, ұрпақты жан-жақты дамыту, ана мен баланы қорғау мемлекет саясатының басты бөлігі екенін айрықша атап өтіпті. «Түбірді тану, отбасылық дәстүрді қастерлеу халқымыздың өзін-өзі тануында қай уақытта да ерекше орын алған. Ал бүгінгі таңда ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отыр. Мемлекет пен қоғамның міндеті – отбасы институтын нығайту және өскелең ұрпақты жан-жақты дамыту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау. Ана мен баланы қорғау және қолдау – біздің саясатымыздың басты басымдықтарының бірі», дегені белгілі.

Отбасы мен бала құқығын қорғау мәселелері Президент бастамасымен қа­был­данған әлеуметтік заңна­ма, құ­жатта­маларда да ерекше көрініс тапқан. «Қазақстан Рес­пуб­лика­сын­­дағы отбасылық және гендер­лік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» – осы бағыттағы маңызды құжат­тың бірі.

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Отбасы құндылықтары­ның насихатталуы – ұлттық идео­ло­гияның маңызды бөлігі. Мемлекет пен қоғам отбасы­ның рөлін күшейту, оның берік­тігін сақтау, отбасы инс­титутын дамыту ба­ғытында түрлі бағдарламалар мен іс-шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Бұл бағыттағы барша баталы жұмыс отбасы – қоғамның іргетасы, ұлт болашағының кепілі деген қағиданы берік ұстанады.

Елімізде отбасы саясаты қашанда әлеуметтік даму стра­тегиясының негізгі құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ең басты бағдарламалардың бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы, жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде өткізіліп, үлгілі отбасыларды насихаттайды. Байқау отбасылық береке, ата-аналар мен балалар арасындағы сыйластық, бірлік, еңбекқорлық сияқты құндылықтарды кеңінен дәріптейді. Айта кету керек, «Мерейлі отбасы» байқауы биыл бүгін, халықаралық Отбасы күнінде жарияланып, ұлттық Отбасы күнінде қорытындысы шығарылады.

Білім мекемелерінде отбасы тәрбиесі, рухани-адам­гершілік тәрбие, салт-дәс­түр­ге негізделген сабақтар мен тәрбиелік сағаттар жиі ұйым­дастырылады. «Асыл тәрбие отбасыдан басталады» қағидасы негізінде мектептер мен ЖОО-ларда ата-аналармен бірлескен іс-шаралар өткізіледі.

Медиа саласында да отбасы құндылық­тарын насихаттайтын телехабарлар, деректі фильмдер мен жобалар саны артып келеді. Отбасылық қарым-қатынас, ананың рөлі, әкенің жауапкершілігі, бала тәрбиесі туралы бағдарламалар кеңінен, тұрақты беріліп тұрады.

Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар – отбасы тәр­биесінің ажырамас бөлігі. Хал­қымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ», «Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимас­тық», «Отбасынан бас кетсе, қазаннан ас кетеді», «Ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деген нақыл сөздер арқылы отбасындағы тәрбиеге үлкен мән берген.

Мемлекет көпбалалы, аз қамтылған, мүгедектігі бар балалары бар отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Бұл отба­сыларға жәрдемақы, тұр­ғын үй бағдарламалары, меди­цина­лық, білім беру жеңілдіктері ұсынылады. Мұның барлығы отбасылардың әлеуметтік тұрақ­тылығын нығайтуға бағытталған. Еліміздің заңнамасында отбасы мен баланы қорғауға бағытталған арнайы ережелер мен нормалар бар. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс отбасы мүшелерінің құқықтары мен міндеттерін нақтылайды.

Бүгінде елімізде балалары бар отбасыларды қолдаудың мемлекеттік жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу жөніндегі шаралар мен салық салу кезіндегі жеңілдіктер жүйесін, азаматтар өмірінің барлық кезеңдерінде әлеуметтік қорғаудың басқа да шараларын қамтитын кешенді моделі қалыптасқан. Айталық, республикалық бюджеттен бала тууға біржолғы жәрдемақы: 1, 2, 3 бала туған кезде – 149 416 тең­ге (38 АЕК), 4, одан да көп бала туған кезде – 247 716 теңге (63 АЕК); бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жәрдемақы: бірінші балаға – 22 649 теңге (5,76 АЕК), екіншісіне – 26 777 теңге (6,81 АЕК), үшіншісіне – 30 867 теңге (7,85 АЕК), төртінші, одан да көп балаға – 34 995 теңге (8,90 АЕК); 4, одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар – 63 030 теңгеден (16,03 АЕК), көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақылар белгіленген.

2024 жылы 1,1 млн-нан аса адам мемлекеттік әлеуметтік сақ­тандыру қорынан жалпы сомасы 622 млрд теңге көлемін­де төлем алды (2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға артық). Бұл төлемдер 5 әлеуметтік тәуекелді қамтиды: мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілік, босану және бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі. Сондай-ақ отбасы мұқтаж болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар есебінен тұрғын үйге қатысты, қосымша әлеуметтік көмек көрсету көзделген.

Елімізде тұрмыстық қиын­дыққа тап болған отбасы­ларға көмек көрсететін, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алумен айналысатын отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылы ел бойынша 123,6 мың неке тіркелді (бір жыл бұрынғыға қарағанда 2,2%-ға көп), ажырасу саны соңғы 5 жылда 48%-ға төмендеді. Бұл көрсеткіштер – отбасылық құндылықтардың артып келе жатқанын, азаматтар­дың болашаққа деген сенімін көрсететін нышан.

Сондай-ақ көптеген үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қор­­­лар мен бірлестіктер отбасы құн­дылықтарын дәріп­теу ба­ғытында белсенді жұмыс істеп келеді. Отбасы мәселелеріне арналған семинарлар, тренингтер, форумдар жиі ұйымдастырылады. «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы сынды мекемелер де отбасылық кеңес беру, психологиялық көмек көрсету, медиация қызметтерін ұсынып, ажырасу көрсеткішін төмендетуге ықпал етеді.

Елімізде отбасы құндылық­тарын насихаттау – қоғам­ның рухани тұтастығын сақтау­дың, ұлт болашағы – ұрпақ тәр­бие­леудің негізі. Мемле­кет­тік бағдарламалар, білім, ақпараттық науқан, ұлттық салт-дәстүрлер, әлеуметтік қолдау тетіктері арқылы отбасының рөлі тұрақты түрде күшейтіліп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс әрі қарай жалғасып, береке-бірлік берік орнаған бақытты отбасылар қоғамның іргетасы болып таныла, насихаттала береді.