• RUB:
    6.34
  • USD:
    510.58
  • EUR:
    571.8
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 09:45

Автокөлік жолдары – экономиканың күретамыры

50 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында: «Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры Негізгі қалаларымыз бен ай­мақ­­та­ры­мыздың арасын сапалы жолдармен жалғау маңызды» деген еді. Осы орайда биыл көлік инфра­құры­лымын кеңінен қамти­тын ауқымды жол-құрылыс жұмыстарын бастау тапсырылған.

Жолдарды жаңғырту мақса­тында 8 800 км автомобиль жолына түрлі жөн­­­деу жұмысы жүр­­гізіледі. Оның 2 100 км-ге құ­ры­­лыс пен қайта жаңарту, ал 460 км-ге күр­делі, 6 300 км-ге орташа жөндеу іске аса­ды. Жол жөндеу жұмыстарын орын­дауға шамамен 10 мың жол-құры­лыс техникасы, 27 асфальт-бетон зауыты мен 25 мың маман жұмылады.

Жобаны іске асыруда 9,4 млн тонна асфальт-бетон қоспасы, 12 млн текше метр қиыршық тас пен 500 мың тонна битум қолдану жоспарланған.  Мақсатты іске 781 млрд теңге қаржы қарастырылыпты. Бұл тура­лы Орталық коммуникация­лар қызметінде өткен брифинг­те «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ бас­қарма төрағасы Дархан Иманашев айтты.

Сонымен жол-құрылыс мау­сымы аясында қайта жаңарту және құрылыс жобасымен 2100 км автожол қамтылады. Оның 1100 км-ге 10 өтпелі жобаның құрылыс жұмысы жүзеге асады. Аталған жобада жолды абаттандыру, карьерлерді рекультивациялау, өндірістік база мен уақытша айналма жолды салу бойынша негізгі жұмысты аяқтау жоспарланған.

«Мың км жолда 7 жаңа жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Олар – Қара­ғанды – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын, Атырау – Дос­сор, Қызылорда, Рудный, Сары­ағаш пен Петропавл қаласының айналма жолдары. Басым жоба ретінде Қалбатау – Майқапшағай мен Қызылорда – Жезқазған автожолын қайта жаңарту учаскелері анықталды. Жыл соңына дейін 1100 шақырым жолда негізгі жұ­мыс аяқталады», деді Д.Иманашев.

Оның айтуынша, биыл күрделі жөн­деу жұмысымен ұзындығы 460 км-ні құрайтын 47 нысан қамтылады. Бұл шара­ға 8,5 млрд теңге қаржы көзделген. Жыл аяғына дейін 174 км болатын 5 учаске пайдалануға берілмек. 6300 км жолдағы 233 нысанда орташа жөндеу жұмысы жоспарланған. Бұл істі атқаруға 203 млрд теңге қаражат бөлінбек. Құрылыс маусымы соңына дейін кемінде 2000 км автожол пайдалануға беріледі.

Шекарадағы автомобиль өткізу пункттері инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілген. Бүгінде мемлекеттік шекара бойында 52 өткізу пункті жұмыс істейді. Оның 38 пункті Еуразия экономикалық қауымдастығы елдері арасында, ал 14 пункті сыртқы шекарада. Осы жылы Бесағаш, Қарасу, Сырым, Әлімбет, Жаңа жол мен Қосақ өткізу пункттерінде құрылыс жұмысы жүргізіледі. Оған 51 млрд теңге қаражат бөлінген. 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді жоспарға сәйкес 36 автомобиль өткізу пунктін қайта жаңарту көзделген.

Республикалық маңызы бар автожол желісінде 1500-ге жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысаны орналасқан. Биыл жеке инвестиция есебінен қосымша 36 жаңа нысан ашу жоспарда бар. Жол пайдаланушыға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнатылады.

«Биыл автожолдардың қалыпты сақталуын қамтамасыз ету үшін 28 жаңа автоматты өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарланған. Қазір жол бойында 22 АӨС жұмыс істеп тұр», деді Д.Иманашев.

Қазіргі жағдай бойынша елімізде ұзындығы 4100 км-ні құрайтын 21 ақылы жол телімі бар. Жүргізушіге тиімді болу үшін айлық және жылдық абонемент қарастырылған. Жеңіл көліктерге біржылдық абонемент 1 айлық есептік көрсеткішті құрайды, ал автобус пен жүк көлігіне айлық және жылдық абонемент жүк көтеріміне байланысты болады.

Өткен қыс мезгілінде жол қызметі автожолдарды күтіп-ұстауда ауқымды жұмыс атқарып, жүргізушіге қауіпсіз әрі қолайлы қозғалыс қамтамасыз етті. Қысқы жұмыстар аясында жолдарда шамамен 31 млн текше метр қар тазаланды, 22 000 ағаш қар ұстау қалқаны орнатылды, 11 000 км қар ұстау траншея­лары мен біліктері жасалды. Боранда 286 адам құтқарылып, 173 автокөлік қар құрсауынан шығарылды.

Сонымен қатар биыл 437 арнайы техника сатып алынды. Нәтижесінде, техниканың жалпы саны 2805-ке жетіп, бұл қажеттіліктің 38%-ын құрады. Енді жыл соңына дейін қосымша 683 арнайы техниканы алу жоспарда бар.

Мамырдан бастап республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеруге кең ауқымды «Халық­тық бақылау» жобасы іске қосылады. Жобаның мақсаты – елдегі әрбір азаматты салынып жатқан республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша қоғамдық бақылауға шақыру. Жобаға қатысу үшін 1403 байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру керек.