Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұстазы Әсима Қалимқызы Ишанованың 70 жылдық мерейтойына арналған «XXI ғасырдағы креативті индустриялар: генезис, медиабағдарламалар, білім беру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған Қазақстанмен бірге Қытай, Ресей, Қырғызстан, Түркия сынды елдерден белді ғалымдар, журналистер, шығармашылық индустрия өкілдері қатысты.
Жиынды журналистика және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы жүргізіп, профессор Ишанованың ғылыми-шығармашылық жолына арналған арнайы бейнеролик көрсетілді. Университет атриумында ғалымның ғылыми еңбектері мен баспасөздегі жарияланымдарынан құралған көрме көпшілік назарына ұсынылды.
Мазмұнды іс-шара барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің профессор Әсима Қалимқызына арналған құттықтау хаты оқылды. Елдік деңгейдегі жоғары марапат пен лебізде ғалымның отандық филология мен журналистика саласына қосқан сүбелі үлесі айрықша аталды. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовтың құттықтау хатында да мерейтой иесінің отандық ғылым мен журналистика білімінің өркендеуіне сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді.
Ғылыми жиынға академик Бауыржан Омарұлы, профессор Сауытбек Абдрахманов, сондай-ақ көрнекті филологтер мен БАҚ өкілдері сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Белгілі публицист, ғалым Сауытбек
Абдрахманұлы Әсима Ишанованың ұстаздық және ғылыми жолының ерекшеліктеріне тоқталып, ұстаз болу мен ғалым болудың үйлесімді тұстарын нақты мысалдармен сипаттады. «Ғалым – тек зерттеу жүргізіп, мақала жазатын адам емес. Ғалым – ұрпаққа бағыт-бағдар беретін тұлға. Әсима Қалимқызы – сол үдеден шығып келе жатқан санаулы жанның бірі. Әдебиет пен журналистиканың қиылысындағы іргелі ізденістері болашақ зерттеушілерге бағдаршам бола алады», деді ол.
ЕҰУ-дің филология факультетінің деканы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазы да мерейтой иесінің адамдық келбеті мен ұстаздық парасатына ерекше тоқталды. «Профессор Әсима Ишанова – академиялық ортада ғана емес, шәкірт жүрегінде де орны бөлек тұлға. Ұстаз бен шәкірт арасындағы рухани байланысты Әсима Қалимқызы әрқашан жоғары деңгейде ұстай білді. Оның сабағынан рухани нәр алған қаншама түлек бүгінде ел қызметінде жүр», деді факультет деканы.
Сонымен қатар сөз алған түлектері – Abai TV директоры Еркін Мұхамеджанов, «Алматы» телеарнасының бас директоры Тимур Базарбаев, Парламент Сенатының өкілі Марьям Кұсаинова, медиаменеджер Махаббат Есен және басқа шәкірттері ұстаздарына деген зор алғыстарын білдіріп, ол кісінің адамгершілік қасиеті мен педагогикалық әдістерінің өмірлік жолдағы бағыт-бағдары болғанын айтты.
Ғылыми баяндамалар легі профессордың шығармашылығына арналған мазмұнды ойлармен жалғасты. Атап айтқанда, Ресейдің М.В.Ломоносов атындағы ММУ профессоры Ирина Карабулатова қазақ, қытай және орыс фольклорларындағы «әйел сұлулығы» ұғымын креативті индустрия тұрғысынан жан-жақты саралады.
Конференция аясында үш бағытта секциялық мәжілістер ұйымдастырылып, онда жасанды интеллект, артмедиа, әлеуметтік медиа, креативті экономика мен білім жүйесіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.
Ерлан КИІКБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті