• RUB:
    6.33
  • USD:
    513.74
  • EUR:
    569.17
Басты сайтқа өту
Жасанды интеллект Бүгін, 09:05

Жасанды интеллект туралы құжат қаралады

10 рет
көрсетілді

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Бірінші оқылымда Мәжіліс депутаттарының қарауына «Жасан­ды интеллект туралы» жаңа заң жобасы және оған ілеспе түзетулер ұсынылады.

Аталған заң жобаларын Мем­лекет басшысының Ұлттық құрыл­тай отырысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін Мәжіліс депутат­тары әзірлеген. Мақсаты – жасанды интеллект технологиялары мен жүйе­лерін қолдануға арналған бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыру, оларды әртүрлі салаларда қауіпсіз, этикалық және тиімді пайдалануды қамтамасыз ету. Ілеспе түзетулер жасанды интел­лектіні пайда­ланатын өнім­дерге қатысты тұтыну­шылар­дың құқық­тарын қорғауды, мұндай жүйе­лер арқылы өңделетін дербес дерек­тер­дің қорғалуын, сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жасалған медиаөнімнің таратылу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Сонымен қатар жасанды интеллект жүйелерінің иелері немесе меншік иелері үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Депутаттардың қарауына екін­ші оқылымда азаматтық қорғау мәсе­лелері бойынша заңнамалық түзетулер ұсынылады. Олар тиісті органдар қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арттыруға, адамдар көп жиналатын нысандарды пайдалануға беру кезінде өрт қауіпсіздігі бақылауын қайтаруға, сондай-ақ бірқатар басқа норманы іске асыруға бағытталған. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар азаматтық қорғау органдарының мұқтаж қызметкерлерінің тұрғын үй мәселелерін шешуге қатысты түзетулер енгізді.  Атап айтқанда, тұрғын үй төлемдерін алу құқығын беру және қызметтік пәтерлерді жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ Палата қарауына 2009 жылғы 9 маусымдағы Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорын (бұдан әрі – Қор) құру туралы шартқа өзгерістер енгізу жөніндегі Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы енгізіліп отыр. Қор оған мүше мемлекеттердегі экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, тұрақты дамуға жәрдемдесу мақсатымен құрылған. Хаттама Қорды дербес халықаралық ұйым ретінде қайта құруды көздейді.

Сонымен қатар Мәжіліс Франция Республикасының Үкіметімен жасалған реадмиссиялау туралы келісімді ратификациялау туралы жаңа заң жобасын жұмысқа алатын болады.