Үшінші мегаполисте өткен жарысқа жүздеген спортшы қатысты. Қаланың Әл-Фараби алаңынан жарыс жолын бастаған велошабандоздар Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы Жібек Жолы кеден бекетінде мәре сызығын кесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Марафонның ара қашықтығы 125 шақырым жолды құрады. Велосипед тізгіндеген әуесқой спортшыларды жол полициясы бастап жүрді. Сонымен бірге жедел жәрдем қызметі спортшылардың денсаулығын бақылап тұрды.
Веломарафон мегаполиске арнайы іс-сапармен келген «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталовтың қатысуымен ашылды. Еліміздің велоспорт жетекшісі келесі жылдан бастап бұл марафон халықаралық деңгейде өтетінін мәлімдеді.
«Шымкент-Ташкент веломарафоны мегаполистің жыл сайын өтетін дәстүрлі спорттық жарысқа айналды. Аталған спорттық іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен қалалық әкімдікке, шаһардың велоспорт федерациясына және демеушілерге айтар алғысым шексіз. Веложарыс тек спорт емес, спорттық мәдениет. Саламатты өмір салты. Біз осы спорт түрін өркендетіп, насихаттау арқылы халықтың денсаулығын күшейтеміз, жастардың велоспортқа қызығушылығын арттырамыз. Ал бүгінгі жарыстан түскен қаражаттың бір бөлігі қайырымдылық ретінде балалар үйіне аударылады. Велобәйгені ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматқа федерация атынан тағы да рахмет айтамын» деді Р.Баталов.
Жарыстың ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те бүгінгі таңда мемлекет тарапынан спортты дамытуға барынша қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Соның нәтижесінде халықаралық деңгейдегі түрлі жарыстарда шымкенттік өрендер жүлделі орындардан көрініп жүр. Олимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама сапында да мегаполис спортшылары жетерлік. Сонымен бірге Шымқаланың өзінде әртүрлі дәрежедегі спорттық бәйгелер ұйымдастырылып тұрады. Ал мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде осы күнде шаһарда көптеген спорттық үйірмелер ашылған. Онда жүздеген бала сабақтан тыс уақытта спортпен шұғылданып, болашақ чемпион болуға ұмтылып бағуда. Мұның бәрі мегаполистің спорттық әлеуетінің жоғары екенін байқатады және саламатты Қазақстанның қалыптасуына зор үлес қосып жатыр деген ой айтты қала әкімінің орынбасары С.Құранбек.
Арнайы іс-сапар барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы, Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Райымбек Баталов Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Ольга Рыпаковамен бірге қала әкімі Ғабит Сыздықбековпен кездесіп, мегаполисте велоспорт пен жеңіл атлетика спортын дамыту жайында мәселе қозғады. Сондай-ақ әлемдік «Gran Fondo» шосселік велосайысын Шымкент қаласында өткізу мүмкіндігін саралады. Өйткені бұл жарысқа шаһардың инфрақұрылымы толық сәйкес келеді. Жалпы Шымкент халықаралық сайыстарды ұйымдастыруға тәжірибесі бар қала. Соның бір айғағы былтыр өткен әлемдік шахмат сайысы. Еліміздің шахмат федерациясы бұл доданы өткізуге арнайы үшінші мегаполисті таңдаған. Сол секілді халықаралық марафон мен веложарыстарды Шымкентте ұйымдастыруға толық мүмкіндік бар. Қала әкімдігі тарапынан қонақтармен болған кездесуде осындай ой айтылды.
Шымкент