Арал қаласында теміржол арқылы өтетін аспалы көпір ашылды. Бұрын пойыз өткенде теміржолдың екі бетіндегі көліктер кептелісі пайда болып, тіпті сағаттап күтетін де кездер болатын. Сондықтан да құны 3 млрд 140 млн теңге, ұзындығы 940 метр болатын аспалы көпірдің ашылуы нағыз ел қуанышына айналды.
Аспалы көпірге жаяу жүргіншілер жолы салынып, түнгі жарықшамдар орнатылған. Оның ашылуында жұртшылықты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов құттықтады.
Арал кейінгі жылдары қарқынды дамып келе жатқан ауданның бірі. Екі жыл бұрын аудан бюджеті 10,1 млрд теңге болса, бүгінде 22 млрд теңгеден асып отыр. Үш жыл ішінде 80 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған.
Осы кезеңде 80 шақырым ауыз су желісі жаңартылып, халықтың 96 пайызы таза ауыз сумен қамтылып отыр.