Бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс депутатының сауалына жолдаған жауапта алаяқтардан зардап шеккен жәбірленушілердің 1,6 млрд теңгеден астам борышы кешірілгенін мәлім етті.
— Жəбірленушілердің құқықтарын қорғау үшін 2024 жылғы маусымда «Банктер жəне банк қызметі туралы» Заңға қаржы ұйымдарына алаяқтық əрекеттердің себептері мен салдарын жоюға; тергеу кезеңінде осындай қарыздар бойынша берешекті өндіріп алуға жəне талап-арыз жұмыстарын тоқтата тұруға; клиенттің қатысуынсыз кредит алу кезінде клиенттің қарызын есептен шығаруға, сондай-ақ клиентке осындай қарыз бойынша бұрын ұсталған (төленген) сомаларды қайтаруға бағытталған жəне т. б. талаптарды енгізуді көздейтін түзетулер қабылданды. Бұл механизм кибералаяқтықтан зардап шеккен қарыз алушылардың шоттарын бұғаттауға мүмкіндік бермейді. Осының арқасында 2,5 мыңнан астам жəбірленушіден 3,4 млрд теңгеден астам сомаға кредитті өндіріп алу тоқтатылды. Жəбірленушілердің 1,6 млрд теңгеден астам сомадағы қарыздары есептен шығарылды, — деп жазылған жауапта.
Бас прокурордың мәліметінше, Ұлттық банк жанынан құрылған Антифрод-орталық іске қосылғаннан бері 2,2 млрд теңгеден астам соманың күдікті қаржы операциясы бұғатталған.
— Азаматтық кодекстің 953-бабына сəйкес жəбірленушілерден түскен 1,5 мың талап-арыз негізінде «дропперлерден» 2,4 млрд теңге өндіріп алынды, — деп жазады Берік Асылов.