Тау қуысындағы шағын ғана ауылдан үш бірдей Кеңес Одағының батыры шыққан. Самар ауданына қарасты Подгорное ауылы сонысымен де ерекше. Иван Яроцкий, Николай Фонов, Сергей Седнев сынды батырларына ауылдың кіреберісінде кеуде мүсіндері мен ерекше композицияда стелла қойылған.
Подгорное ауылының қақ төрінде асқақтай бой түзеген мемориал батырлардың ерлігін әйгілейтіндей. Соғыстан кейінгі жылдары орнатылған қарапайым ғана обелиск ауыл жұрты үшін қасиетті орынға айналған. Уақыт өте келе ауыл азаматтары үш батырдың есімін лайықты түрде ұлықтайтын еңселі ескерткіш тұрғызу керек деп шешкен. Бұл істің басы-қасында жүріп, нар тәуекел еткен азаматтар аз болмады. Қоблан Қамзин, Василий Панюков, Қинаят Бесекенев, Мэлс Талыспаев, Геннадий Писмаркин, Александр Федосов секілді ел азаматтары қолынан келген көмекті аямаған. Құрылыс жұмысын шебер Қизатолла Жетенов тиянақты атқарып, ел ризашылығына бөленген. Бұл 2010 жылдың 9 мамыры еді. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында тарихи ескерткіштің салтанатты ашылуы өтті.
2012 жылы мемориал қайта жаңғыртылып, мәрмәр тақтадағы сөздердің қасына тырналардың бейнесі қондырылды. Қазақ даласында қалықтаған тырналар – әрқашан сағыныштың, мәңгілік рухтың нышаны. Ескерткіш алдында үш батырдың қола мүсіні орнатылды. Төменде жанып тұрған Мәңгілік алау – бүгінгі ұрпақтың жүрегіндегі оттың белгісіндей. Қара мәрмәр тақтаға қашалған ондаған есім – осы ауылдан майданға аттанған ерлердің өшпес ізі.
Батырларға тоқтала кетсек, Иван Яроцкий Тынық мұхит флотының 390-теңіз атқыштар батальонында рота командирі болып, кеңес-жапон соғысында ерлігімен көзге түскен. Өлім мен өмір белдескен сын сағатта оның батылдығы бүкіл бөлімшенің тағдырын шешкен. Соғыстан кейінгі жылдары Ресейдің Ленинград облысында ғұмыр кешкен.
Ал Николай Фонов – 59-артиллериялық полктің сержанты, зеңбірек командирі. Ол жаудың бірнеше танкісін өртке орап, аты аңызға айналған екен. Туған жеріне дін аман оралғанымен, денсаулығы сыр беріп, ерте көз жұмған.
Сергей Седнев – Днепрдің асау ағысында понтондық паркті басқарып, жауынгерлердің өзеннен аман-есен өтуіне жағдай жасаған жанкешті жауынгер.
Бүгінде Подгорное ауылындағы олардың ескерткіштері – өткеннің емес, мәңгіліктің нышаны. Жыл сайын 9 мамырда ауыл тұрғындары ескерткіш басына жиналып, гүл шоқтарын қойып, батырларды үнсіз еске алады. Айтқандай, 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында мектепте арнайы музей ашылып, батырлардың өмір жолы мен майдандағы ерліктері туралы тың деректер жинақталды.
Подгорноеның бұл еңселі ескерткіші – елдің елдігін, бірлігін көрсететін биік рухтың рәмізі. Батырлар ерлігі – ұрпаққа аманат, оны дәріптеу – парыз. Өйткені ел үшін жан қиғандардың есімі – мәңгілік!
Шығыс Қазақстан облысы,
Самар ауданы