• RUB:
    6.35
  • USD:
    514.5
  • EUR:
    582.67
Басты сайтқа өту
Әскер Кеше

Оқушылардың әскери бөлімдегі бір күні

40 рет
көрсетілді

Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу – басты міндет. Осы мақсатқа орай Шымкенттегі 10216 әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери бөлімінде жоғары сынып оқушыларына «Ашық есік күні» ұйымдастырылды. Іс-шараға қаладағы жалпы білім беретін мектептерден жүзге жуық оқушы қатысты.

«Ашық есік күні» жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арт­тыруға бағытталған. Оқушылар әскери бөлімдегі сарбаздардың өмірін тамашалау арқылы патриоттық тәлім-тәрбие алды, әскери қызметшілердің күнделікті тіршілігін біреу арқылы естімей немесе интернеттен көрмей өздері шынайы көзбен көріп, бағалап қайтты. Әскердегі жағдайды таныстырып, экскурсия жасатуды бөлім басшылығы қолға алды. Олар жас қонақтарды бірге ертіп жүріп жауынгердің өмірі мен қызметінің қалай өтіп жатқанын тамашалатты.

Ал экскурсия барысында оқушылар бірінші кезекте әскери бөлімнің күзеті мен ішкі қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратын қарауыл қа­лашығымен танысты.  Бөлім басшылығы қонақтарға қарауыл қызметінің құры­лымы мен міндеттері туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сондай-ақ күн тәртібінің ерекшеліктерін, күзет қыз­метінің ереже-заңдарын, кезекшілікті қабылдау мен тапсырудың тәртіптерін түсіндірді. Оқу­шылар қарауыл қызметін атқаратын жеке құрамға арналған үй-жайлардың қалай жабдықталатынын, жеке қорғаныс құралдары мен қару-жарақ сақтаудың қағида-тәсілдерін жақыннан көріп білді. Мектеп оқушы­лары нысандардың күзет режімі қалай бақыланатынын, қарауылдар мен кезекшілер арасындағы өзара іс-қи­мыл қалай ұйымдастырылатынын аңғар­ды.

Өз кезегінде мерзімді қызметтің әскери қызметшілері орналасқан казар­малық үй-жайлар келген қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Аралау барысында оқушылар жатын орындардағы тәртіпке, үй-жайлардың санитарлық жағдайына, ішкі тәртіп талаптарының сақталуына зер сала қарады. Экскурсия кезінде бөлім бас­шылығы армия стандарттары бойынша кереуетті қалай дұрыс салу керектігін көрсетті, әр әскери қызметшінің жеке аймағында күнделікті тазалық пен ұқып­тылықты сақтаудың маңыздылығын да оқушыларға ұғындырды.

Сондай-ақ әскери бөлімнің саптық алаңында мектеп тәрбиеленушілеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Онда әртүрлі қару-жарақ түрлері мен әскери киім үлгілері келушілер назарына ұсынылды. Офицерлер мен сержанттар қару-жарақтың сипаттамалары, оны пайдалану ережелері мен қолдану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Оқушылар нысанды киім үлгілерін, оның ішінде арнайы жабдықтарды көруге ерекше ықылас танытты. Көрме аяқталғаннан кейін қонақтарға жеке радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын қалай дұрыс пайдалану керектігін сарбаздар тәжірибе жүзінде киіп көрсетті. Әскерилер мұндай қорғаныс киімдерін қолданудың маңызын түсіндіріп өтті. Жалпы, бөлім басшылығы әскерде тәртіп пен жауынгерлік дайындық қатаң болу керектігін ескертті. Өйткені жауынгердің мақсат-міндеті елді қорғау болса, ол оған әрдайым дайын жүруі керек.

– Бүгін мен әскери қызмет туралы көп нәрсе білдім. Отан қорғаушылардың қалай өмір сүріп жатқанын көзбен көр-дім, әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен жақыннан таныстым. Бұл маған қатты ұнады, ұмытылмас ерекше әсер сыйлады. Расымен, әскери азаматтардың қызметін шынайы түрде тамашалау өте қызық екен. «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деп жатады ғой. Мені бүгінгі іс-шара айрықшы шабыттандырды. Әскери қызметші болмасам да Отан алдындағы борышымды өтеп, жауынгерлік адал міндетімді атқарғым келді. Және әскери қызметшінің жұмысы қаншалықты жауапты әрі маңызды екенін осы іс-шара арқылы жақсы түсін­дім. Елдің тыныштығын күзет­кен сарбаздар аман болса екен. Қазақ­станда әрдайым бейбітшілік орнап тыныштық сақталсын. Жалпы, әлемде соғыс деген болмай, бірде-бір оқ атылмаса екен деп тілей­мін, – деді экскурсиядан ал­ған әсері жөнінде ой бөліскен қалалық №106 мек­тептің оқушысы Нұрдәулет Әжімахан.

Сонымен, оқушыларға ерекше көңіл күй сыйлаған «Ашық есік күні» іс-шарасы сарбаздар асханасында түйінделді. Онда қонақтарға әскери қызметшілердің тамақтану мәзіріне қандай ас түрлері кіретіні, ас пісіруге нендей өнімдер жиі пайдаланатыны, сондай-ақ тамақ әзірлеудегі нормалар мен ережелер туралы жан-жақты баяндалды.

 

ШЫМКЕНТ