Еліміздің шығыстағы шекаралық өңірінің бірі – Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылы бүгін ерекше қарбаласқа толы. Өйткені, мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен қарақұрым халық жиналған. Олар ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасында өтетін Ант қабылдау рәсімін көрмек, деп жазады Egemen.kz.
Белгіленген уақытта салтанатты сапқа тұрған 300-ге тарта сарбаз үшін маңызды сәт те келіп жетті. Департамент бастығы, полковник Әлібек Каюповтың бұйрығымен, еліміздің аспан түстес Туы ортаға шығарылған соң, Әнұран да қалықтап ала жөнелді. Әрбір жанның жұдырықтай жүрегінде мәңгі сақталып қалатын сәтті суретке түсіріп алған соң, біз де қолымызды кеудемізге қоюға асықтық...
«Мен қатардағы жауынгер...» Ортаға шыққан әрбір сарбаздың айтар сөзі осылай басталады. Әрі қарай, Отанына адал қызмет етуге ант берген шекарашыны полковник Ә.Каюпов, Ұйғыр ауданының әкімі Б.Елеусізова мен шекарашы ардагерлер құттықтауға кірісті. Өз кезегімізде, біз – департамент пен ауданы әкімінің баспасөз хатшылары да осынау маңызды сәтті қалт жібермедік.
Ант қабылдау аяқталған соң, жиынның негізгі бөлімі басталды. Алдымен департамент бастығы «Сарбаз 2.0» бағдарламасына қатысып, өздері қалаған жоғары оқу орнында тегін оқуға грант ұтып алған «Көктем-2024» шақырылымының жеті сарбазына сертификат тапсырды. Осыдан кейін Әлібек Амангелдіұлы, Бота Серікқызы, шекарашы ардагерлердің атынан отставкадағы полковник Дәулетқали Мамырханов сарбаздарды ант қабылдауымен құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Жылына екі мәрте, көктем мен күз айларында өтіп тұратын мұндай рәсімдерді сахналық көріністерсіз елестету мүмкін емес. Өйткені жас сарбаздар да, олардың алыстан асығып жеткен ата-аналары да шекарашылар атқаратын қызмет туралы білуге тиіс. Сондықтан алаңға бірінші болып шыққан кинолог пен оның қызметтік иті жаттығуларды шебер орындаған соң, кезек аттың құлағында ойнайтын атбегілерге берілді. Тұяқтарымен жер тарпыған қызмет аттары тау мен тастың арасындағы шекара сызығын бақылауда таптырмайтын көлік екендігі ертеден-ақ белгілі. Ал шекара бұзушыны іздестіруде, есірткі заттарын анықтауда шекарашы сарбаздар қызметтік иісшіл иттердің көмегіне жүгінеді.
Әрі қарай, шекара басқармасының маңызды тапсырмаларын орындаумен айналысатын сайыпқырандары да алаңды «дүрбелеңге» толтырып жіберді. Қоян-қолтық ұрыс, шекара бұзушыны ұстаудың әділ-тәсілі – осының барлығы шекарашылардың жауынгерлік даярлықтары жоғары деңгейде екенін көрсетіп тұр.
Әсерлі көріністерді қызыға тамашалаған ат-ананың бірін сөзге тартқан едік. Сөйтсек, ол ұлты орыс болса да қазақшаға судай Қызылорда қаласының тұрғыны екен. Ұлы Темір Айтманның өміріндегі айтулы сәтке куә болу үшін келген Наталья Григорьева: «Бүгін мен ұлым үшін қатты қуанып тұрмын. Шекарашы атанып, Отанын қорғайтын азаматқа айналғанын көруден асқан бақыт бар ма? Әскерге де өзі сұранып кетті. Жақсы жерге түскенін көріп, көңілім көтерілді. Не айтамын, құлыным берген антына адал болып, туған елін қорғасын», деп аналық ақ тілегін жеткізді.
Осылайша, шекарадағыдай «қас-қағым, қарбаласпен» өткен рәсімнің соңы сарбаздардың саптық әніне ұласты. Бұдан кейін ата-аналар сарбаз ұлдарымен қауышып, ыстық сағыныштарын басты...