Нұра ауданының биші әжелерінен құралған «Қыздарай» ансамблі Ташкент қаласында өткен халықаралық «SUMMER FEST TASHKENT» көп жанрлы конкурсында жүлдегер атанды. Аталған би байқауына Қазақстан, Өзбекстан, Ресейден 20-дан астам би ұжымы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қыздарай» ансамблі «SUMMER FEST TASHKENT» байқауында «Кең дала», «Экспрессия», «Әсемдік» билерін билеп, әр жанрда да қарсыластарынан озып шықты.
«Қыздарай» ансамблі «Нұра» ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жанынан құрылған, оларға білікті хореограф Ирина Смағұлова жетекшілік етеді.
«Біздің би тобымыз – жас өнер ұжымы, құрылғанына небәрі 2 жыл болды. Осы бір аз уақыт аралығында жиырмаға жуық би қойылымдарын дайындадық. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 62-77 жас аралығындағы зейнеткерлері би үйірмесіне зор қызығушылық танытып қатысады, би үйренемін деген ынтасы жоғары. «Қыздарай» ансамблінің құрамы үнемі жаңарып тұрады, биші әжелеріміз әрдайым ізденіс үстінде, репертуарлары әр алуан», деп сөзін түйіндеді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ирина Николаевна.