• RUB:
    6.51
  • USD:
    510.81
  • EUR:
    578.59
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Мамыр, 2025

Өнерімен де елді қорғаған

470 рет
көрсетілді

Жақында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер уни­вер­си­те­тінде Дәс­түрлі му­­зыкалық өнер факультетінің ұйым­дастыруымен Екінші дү­ние­­­жүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған ­«Ер есімі – ел есінде» атты концерт өтті.

Ел басына күн туғанда қаншама аталарымыз бен аналарымыз жерімізді жаудан қорғауға аттанды. Солардың арасында өнер адамдары да Отан алдындағы парызын орындап, ұрпағының амандығы мен болашағы үшін жандарын қиып, шейіт кетті. Мәселен, Смағұл Көшек­баев, Ғабдұлман Матов, Мәлік Жаппас­баев, Ысқақ Уәлиев, Рамазан Елебаев секілді марғас­қа­ларды атауға болады. Соғыстан аман-есен елге оралғандардың ішінде Рүс­тембек Омаров, Нұрғиса Тілендиев, Тұраш Әбуов, Самиғолла Андарбаев сынды өнер майталмандары бар.

Осындай ержүрек аталарды еске алуға арналған іс-шараны Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, профессор Дәурен Ғы­лымов жетекшілік ететін Студенттік қазақ халық аспаптар оркестрі Мұрат Өскімбаевтың «Жеңіс» күйімен аш­ты. Дина Нұрпейісова атындағы рес­публикалық қоғамдық қордың төр­ағасы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеген Қуа­нышев пен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, К.Бай­сейітова атындағы ҚазҰӨУ-дің профессоры Айтжан Тоқтаған Жеңіс күнін жақындатқан қаһармандардың ғұмыр тарихына тоқталды.

«Соғыс кезіндегі және одан кейінгі шығармаларды зерттеп-зерделеу – өнерлі аға буынның бізге қалдырып кеткен аманаты деп қабылдағанымыз орынды болар. Сол уақытта жазылып, тартылған күйлер мен орындалған әндерде мұң мен зарлы үндердің басым екендігі айқын байқалады. Себебі бұл кезеңдегі шығармалар баласы немесе жары қан майданға аттанып, қайтып елге келерін не келмесін білмейтін қапалы күй кешкен тұста, осындай сезімдердің нәтижесінде туын­дады. Мысал ретінде Кенен Әзер­баевтың «Біздің Отан жеңеді», Сма­ғұл Көшек­баевтың «Майданға» атты әнде­рін және Дина Нұрпейісованың «Май­дандағы балама» атты күйін айту­ға болады» деп атап өтті профессор Т.Қуа­нышев.

Концертте Құрманғазының «Ертең кетем», «Пабескі», «Лауышкен» күйлері, сондай-ақ, «Майданға», «Жас қазақ», «Өтті өмір», «Сүйген жар», т.б. әндер орын­­далды. Іс-шара бүгінде 100 жыл­дығы тойланып жатқан Халық қаһар­ма­ны Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс сал­та­натымен» аяқталды.