• RUB:
    6.26
  • USD:
    516.01
  • EUR:
    582.47
Басты сайтқа өту
Мереке 01 Мамыр, 2025

Бірлік мерекесіне ондаған этнос өкілі қатысты

10 рет
көрсетілді

Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі аясында «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Бірлігі жарасқан Қазақстан» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған өңірдегі барлық этнос өкілдері бір кісідей қатысып, достық дастарханын жайып, ұлттық киімдер додасында бақ сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әр түрлі ұлт пен ұлыстың өзіне тән құндылықтары дәріптелген іс-шарада спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, үздік шыққандар марапатталды. Іс-шараға жиналған этнос өкілдерін өңір басшысы Ербол Қарашөкеев бірлік мерекесімен құттықтады.

«Татулық пен келісімнің арқасында тәуелсіз мемлекетті қалыптастырып, ауыз толтырып айтарлықтай табысқа жеттік. Түрлі этнос өкілдері бір тудың астынан табылып, еңсесі тік елге, іргелі мемлекетке айналдық.

Ынтымағы жарасқын Жамбыл өңірін мекен еткен 87 этнос өкілі еліміздің тұрақтылығына атсалысып, өңірдің барлық саласында елеулі еңбек етіп жүр. Мемлекет пен қоғам арасында сындарлы диалог орнатуға өңірдегі 78 этномәдени бірлестік өз ықпалын тигізіп отыр.

Бірлігі мығым елдің болашағы жарқын болатыны даусыз. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған жерде ел игілігі үшін нәтижелі істер атқарылатынына ешкімнің күмәні жоқ.  Президент Ассамблеяның ХХХІV сессиясында жүктеген міндеттерді жұмылған жұдырықтай жүзеге асыратынымызға сенімім зор», деді облыс басшысы.

Іс-шара барысында өңірдегі этносаралық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Олар Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» медаліне және «облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен Құрмет грамота және Алғыс хатқа ие болды.

Мереке күні этномәдени бірлестік өкілдері мен Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы ұсынған концерттік бағдарлама көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шара соңы «Шаттық» биімен түйінделді.

Тараз

Соңғы жаңалықтар