Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда айтылған ғылым мен білім саласына, соның ішінде техникалық бағыттағы ғылымды дамыту мәселесі талқыланды. Пікір алмасу Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен кездесу аясында ұйымдастырылды. Іс-шара Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде осы жоғары оқу орнының басшылығы, профессорлық-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен студенттердің қатысуымен өтті.
Жиында сөз алған Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы атап өткен басым бағыттарға тоқталып, оларды жүзеге асырудағы білім мен ғылымның рөліне ерекше мән берді. Сонымен қатар, ол цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, энергетика, агроөнеркәсіп және адам капиталын дамыту сынды төрт негізгі бағыттың еліміздің инновациялық дамуына негіз болатынын атап өтті.
«Қоғамда заң мен тәртіпті сақтау, мәдениетті дамыту, ғылым мен білімге инвестиция салу, тарихи әділдікті қалпына келтіру және ұлттық бірлікті нығайту – қазіргі кезеңдегі маңызды міндеттер. Бұл бағыттардың барлығы ел дамуының тұғырлы тірегі. Аталған салаларды жасанды интеллектпен ұштастыра отырып, Қазақстан тек аймақтық емес, жаһандық технологиялық көшбасшылардың қатарына қосыла алады. Осыған байланысты Президент Үкіметке озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіге қолайлы экожүйе қалыптастыруды жеделдетуді тапсырды», деді Президент кеңесшісі.
Кездесу барысында белгілі тарихшы, Салқынбек Досалы Исаханұлы «Ұлттық құрылтай және рухани құндылықтар» тақырыбында өз ойын бөлісті. Ол ұлттың рухани тұтастығы ең алдымен тілден басталатынын Конфуцийдің тағылымды тәмсілі арқылы жеткізді. «Тілі бұзылған ұлттың рухы әлсірейді, ал рухы әлсіреген қоғамда әділет пен ақиқат жоғалады. Мұндай қауіптен сақ болу – баршамыздың борышымыз. Қазіргі ақпараттық майдан кезінде ұлттық тәрбие мен құндылықтарды сақтау, дәріптеу – әр азаматқа жүктелген аманат», деді тарихшы.
Талқылауға қатысқан университет ғалымдары мен жас зерттеушілер қоғам мен өндірістің өркендеуіне ықпал ететін өзекті ғылыми-техникалық мәселелер бойынша пікір алмасты.