Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында Қазақстандағы отбасы институтының әлсіреуіне алаңдаушылық білдіріп, ажырасудың алдын алу мақсатында нақты ұсыныстарын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта отбасы құндылықтары үлкен дағдарысқа ұшырап отыр, деп жазады Egemen.kz.
Ажырасу көрсеткіші алаңдатарлық деңгейде
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркеліп, оның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Сонымен қатар, бейресми түрде тіркелмеген, бірақ өмірде жолы екіге айырылған отбасылар саны да аз емес. Бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың ер азамат жалғызбасты ата-ана ретінде тіркелген.
Мемлекеттік деңгейде нақты шешімдер қажет
Депутаттың пікірінше, отбасының күйреуі – тек жеке трагедия емес, ел болашағына тікелей әсер ететін қауіп. Осыған байланысты ол Үкімет басшысы Олжас Бектеновке төмендегі төрт нақты ұсынысты жолдады:
Ажырасуға байланысты мемлекеттік баж төлеу тәртібін енгізу. Ерлі-зайыптылардың сотқа біржақты арыз беруіне дейін жоғары мөлшердегі мемлекеттік баж енгізу ұсынылады. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан азаматтарға табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру мәселесі қаралуы тиіс.
Бітімгершілік кеңестері арқылы татуластыру. Ажырасуға өтініш берген жұптарды сотқа дейін жергілікті қоғамдастық кеңестері, ардагерлер алқасы, имамдар мен әйелдер кеңесі сияқты консультативтік құрылымдардың қарауына беру ұсынылады. Бұл – ұлттық дәстүр мен заманауи тәсілдердің үйлесімді шешімі болмақ.
«Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу. Жаңадан некеге отырған жас жұбайларға тұрғын үй, бала күтімі, балабақша, жұмысқа орналасу және салықтық демалыс секілді кешенді қолдау шараларын ұсыну маңызды. Бағдарлама аясында ипотекалық жеңілдіктер мен арнайы жәрдемақылар да қарастырылуы қажет.
«Қарапайым той – берекелі отбасы» ақпараттық-идеологиялық науқаны. Жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру және несиеге той жасамауға үндеу мақсатында кең ауқымды қоғамдық қозғалыс бастау ұсынылды. Бұл бастамаға қоғам қайраткерлері, дін өкілдері, медиа мен блогерлерді тарту ұсынылады.
Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау қажет
Депутат өз сауалында: "Ажырасу – тек екі адамның тағдыры емес, бұл тұтас ұрпақтың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығына әсер ететін мәселе. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау – ұлттық қауіпсіздік деңгейінде қаралуы тиіс" деп атап өтті.