2025 жылғы 22 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров инклюзивтілік пен сайлаушылардың тең құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бірлескен нәтижелі әріптестіктің арқасында біз шынымен қолжетімді және инклюзивті сайлау жүйесін қалыптастыру жолында жүйелі түрде ілгерілеп келеміз», - деді ол.
Түрлі деңгейдегі сайлауларда мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда: көру қабілеті нашар сайлаушыларға арналған трафареттер әзірленіп, арбамен жүретін адамдарға бейімделген кабиналар орнатылған, сайлау рәсімдерін түсіндіретін аудиоматериалдар дайындалған және инватакси қызметі көрсетіледі.
Отырыс қорытындысымен ОСК мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі алдағы шараларды көздейтін Жол картасына қол қойылды. Жол картасындағы жаңашылдықтардың бірі – сайлау учаскелерінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған inva.gov.kz порталын кезең-кезеңімен цифрландыру болмақ.
Қатысушылар Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп әзірлеген мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары мен қажеттіліктеріне арналған бейнекурсқа ерекше назар аударды.
Бейнекурс www.election.gov.kz сайтында орналастырылған және барлық сайлау комиссияларының мүшелері үшін міндетті болып табылады.