• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Заң Кеше

Маркетплейстер тұтынушылардың құқығын шектеп отыр - Н.Байтілесов

60 рет
көрсетілді

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Н.Байтілесов елімізге заңсыз кіретін тауарлардың адал кәсіпкерлер мен мемлекет мүддесіне зиян келтіріп отырғаны туралы мәселе көтерді. Ол Премьер-Министрінің орынбасары С. Жұмангаринге қарата жолдаған депутаттық сауалында қолданыстағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңнамасы дәстүрлі бөлшек саудаға бағытталғанын, онлайн-алаңдағы заңсыздықтарға қауқарсыз екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.

Н.Байтілесов маркетплейстерді сатушылар туралы толық ақпаратты жариялауға міндеттеу және тұтынушылар мен құқық иелеріне сотқа не сатушыға, не маркетплейске жүгіну құқығын беруді ұсынды. Депутаттың айтуынша, маркетплейстерде сатушы туралы толық ақпараттың болмауы тұтынушылардың құқығын шектеп отыр. 

«Маркетплейстерде сатушы туралы заңды ақпарат (атауы, мекенжайы, БСН) көрсетілмейтін жағдайлар жиі кездеседі. Мысалы, дәстүрлі бөлшек саудада сатушы заңды атауын және заңды мекенжайын көрсетуге міндетті болса, маркетплейстердегі сатушылар тауар карточкаларында көбінесе тек телефон нөмірі мен фирмалық атауға сәйкес келмейтін атау ғана көрсетіледі.  Бұл мәліметтердің болмауы сотқа жүгіну мүмкіндігін шектейді», деді ол. 

Қазіргі таңда тауар таңбалары көбінесе заңсыз түрде интернет-дүкендерде, домендік атауларда, әлеуметтік желілерде, сондай-ақ қызмет көрсету барысында кеңінен қолданылып жатыр. Осы жағдайға назар аударған мәжілісмен құқық иелеріне заңсыз пайдаланылған таңбаларды жоюға, сондай-ақ заңсыз атауларды тіркеуден алып тастауға заңды құқық беруді ұсынды. 

«Мұндай заң тетіктерін енгізу тұтынушыларды жаңылыстырудың жолын кесуге, интернет-алаяқтықтың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тауар таңбаларын қорғау және контрафактілік өнімдермен күресудің тиімді механизмдерінің болуы – инвестициялық тартымдылықтың маңызды көрсеткіші», дейді Н.Байтілесов.

Депутат сауалында кәсіпкерлік ортаның сапасын арттырып, интернет желісіндегі сауданы реттеу және контрафактілік өнімді өткізуге қарсы күресті күшейту, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында мынадай шешімдер қабылдауды сұрады: 

- электрондық сауда алаңдарында сатушылар туралы толық заңды ақпаратты орналастыру туралы міндеттеу; ал бұзылған жағдайда-өз сатушыларының әрекеттері үшін маркетплейстердің әкімшілік және мүліктік жауапкершілік алуын көздеу;

- тіркелген тауар белгілерінің заңды иелеріне интернет-ресурстардың, маркетплейстердің, электрондық сауда алаңдарының иелерінен заңсыз пайдаланылатын тауар белгілерін алып тастауды талап етуге құқықтар беру;

- тұтынушылар мен құқық иелерінің құқықтары бұзылған жағдайда жосықсыз сатушыларға да, маркетплейстерге де сот арқылы талап қою құқығын бекіту.