• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Спорт Кеше

Жарыс күнделігі

20 рет
көрсетілді

Волейболдан Филиппинде өткен әйелдер арасындағы Азия чемпиондар лигасында «Жетісу» командасы жеңіске жетті. Жетісулық волейболшылар финалдық тартыста Вьетнам клубын 3:1 есебімен ұтты.

Тәжікстанның Душанбе қаласында 8–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында батыс Азия чемпионаты өтіп, жерлестеріміз 39 медаль олжалады. 13 елден 391 шахматшы қатысқан сайыста өрендеріміз рапид, блиц пен классикадан 16 алтын, 9 күміс, 14 қола медаль иеленді. Астаналық Әдинұр Әділбек (O8) пен Амалия Едрешева (G8) рапидтен де, блицтен де топ жарды. Рапидтен сынға түскендер арасында Сымбат Жетпіс (G10, Атырау облысы), Нұрасыл Пірімбетов (O12, Астана), Алдияр Жауынбай (O14, Астана), Әлихан Дәулет (O16, Алматы), Әсия Асылхан (G16, Түркістан облысы) алтын медаль иеленді. Астаналық Әміржан Әнетов (O10) пен алматылық Мария Холявко (G14) блицтен де, классика сынынан да барлық қарсыластарын сүріндіріп, батыс Азия чемпионы атанды. Бұлардан өзге блицтен Мәлика Жаппарбекова (G16, Астана) да жеңіске жетсе, классика сынында Әлімжан Жауынбай (O12, Астана), Сұлтанбейбарыс Думанұлы (O16, Абай облысы) алтын медальмен оралды. Спорттық гимнастикадан Мысырдың Каир қаласында өткен әлем кубогінде Милад Карими алтын медаль еншіледі. Еркін жаттығу сайысында 14,133 ұпаймен жеңіске жетті. Әлем чемпионатының қола жүлдегері келешекте Олимпиаданың алтынын алуды көздейді. Милад биылдың өзінде әлем кубогінде үшінші мәрте дара шықты. Дзюдодан Таиландта өткен Азия чемпионатынан балуандарымыз 4 қола медальмен оралды. Ерлер мен әйелдер командасы толық құрамда қатысып, ешқайсысы да финалға жете алған жоқ. Ғалия Тынбаева (48 кг), Шерзод Давлатов (60 кг), Бақыт Құсақбаева (57 кг), Максим Мейірлан (90 кг) қола медаль иеленді. Қытайдың Тайань қаласында таэквондодан өткен «President’s Cup – Asian Region» халықаралық турнирінен жерлестеріміз 1 күміс, 2 қола еншіледі. Самирхон Абабакиров (63 кг) күміс жүлдені місе тұтса, Батырхан Төлеуғали (80 кг) мен Азиза Қаражановаға (53 кг) қола медаль бұйырды.