Бүгінде бокстан өзбек ағайындардың даңқы дүркіреп тұр. Мемлекет тарапынан саламатты өмір салтын насихаттауға, жастарды спортқа баулуға баса назар аударылып келеді. Спортпен айналысатын жастарға да барлық жағдай жасалған. Ауыл-аймақтарда ашылып жатқан заманауи спорт залдары мен кешендері – осының айғағы.
Бокс демекші, Өзбекстан құрама командасының сапында қазақ оғландары да олжа салып жүр. Қажырлы еңбегі мен жігерінің арқасында әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрініп жүрген қандастарымыз аз емес. Солардың бірі – Ташкент облысы Қыбырай ауданы Қыпшақ ауылынан шыққан талантты боксшы, әлем чемпионы Руслан Абдуллаев.
Жақында ол АҚШ-тың Калифорния штатынан олжалы оралды. Ошуссенсайд қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде филиппиндік Джино Родригоны ұпай басымдығымен (80–71, 80–71, 80–71) жеңді. 8 раундқа ұласқан жекпе-жекте Руслан қарсыласын нокдаунға түсірді. Родригоның Абдуллаевқа қарағанда тәжірибесі мол. Ол кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізді. Ал Руслан өзінің екінші айқасына шықты әрі чемпиондық белбеу үшін тартысқа түсті.
Бұл – Русланның ғана емес, күллі елдің мерейін өсірген тарихи жеңіс. Мұхиттың арғы жағынан жеңіспен оралған боксшыны Қыбырай ауданы әкімінің орынбасары Р.Хасанов, жергілікті халық салтанатты түрде қарсы алды. Жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленген боксшыға ерекше құрмет көрсетіліп, аудан әкімдігі атынан естелік сыйлық табыс етілді.
Қыпшақ ауылы – тарихы терең, дәстүрі бай мекен. Ақсақалдардың айтқанына сүйенсек, соғыс жылдарында қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы ауылға қонақ болған көрінеді. Сол бір тарихи сәт ауыл тұрғындарының жадында айрықша сақталған, ал бүгінгі Руслан – атақты балуанның ізін жалғаған даңқты боксшы.
Руслан әуесқой бокста үлкен белестерді еңсерді. 2022 жылы Азия құрлығында дара шықты. Сол кезде-ақ тегеурінді боксшы өсіп келе жатқаны байқалып, оның есім-сойы кәсіби мамандардың назарына ілікті. Ал 2023 жылы Ташкент төрінде өткен әлем чемпионатында Руслан ширек финалда француз боксшысы Лунес Амрауиді айқын басымдықпен ұтты. Жартылай финалдық жекпе-жекте Токио Олимпиадасының қола жүлдегері армениялық Ованес Бочковты сүріндірді. Ал финалдық айқаста жазғы Олимпия ойындарының қатысушысы, Азия чемпионы моңғолиялық Баатарсухиин Чинзоригті сүріндіріп, 63,5 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.
Болашағынан зор үміт күттіретін Руслан Абдуллаевтың жеңісті жолы жалғасын табарына сенім мол. Оның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпия ойындарында да ел намысын абыроймен қорғайтынына барша жұрт үміт артып отыр. Өзбекстан ұлттық құрамасының бас бапкері Толқын Қылышев Русланның қарышты қадамына разылық білдіріп, «бокс королі» өсіп келеді» деп баға берді. Бұл теңеу де тегін айтылмаса керек.
Айгүл ЕРКІН,
журналист
ТАШКЕНТ