1992 жылы АҚШ-тағы «Southwest Airlines» әуе компаниясы жарнама науқанында «Plane Smart» («Ақылмен ұшыңыз») деген сөз тіркесін қолдана бастады. Алайда бұл тіркеске ұқсас «Just Plane Smart» деген сөзді бұған дейін «Stevens Aviation» компаниясы пайдаланып жүрген еді. Сол себепті олар бәсекелестерін сотқа бермек болды.
Бірақ қос компанияның басшылары соттасудың орнына дауды спорт алаңында шешуге келісті. Қалай дейсіз ғой? Олар жұртшылық алдында қол күрестіріп, жеңімпазды анықтағысы келді. Жарыс нәтижесінде «Stevens Aviation» директоры жеңіске жетеді. Бірақ ол жомарттық танытып, қарсыласына осы тіркесті әрі қарай да қолдануға рұқсат береді. Осылайша, екі компания өз беделін арттырып, қоғам алдында жағымды имидж қалыптастырды.