• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 29 Сәуір, 2025

Генералдар «қаһарман аудандарды» аралады

90 рет
көрсетілді

Жеңістің 80 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысына арнайы келген «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері бірқатар ауданда болып, халықпен жүздесіп, маңызды іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жәнібек ауданына ат басын бұрған мәртебелі меймандарды аудан әкімі Тимур Шиниязов, аудандық мәслихаттың төрағасы Тахир Қадимов пен аудандық полиция бөлімінің басшысы Мейрамхан Бапахов ауылға кіре-берістен қарсы алып, қонақжайлық көрсетіп, ақ пен бауырсақ ұсынды. Домбыраның қос ішегінде күй күмбірлеткен мәдениет қызметкерлері келген қонақтардың көңілін көтерді.

Қонақтар құрамында «Генералдар кеңесінің» төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков, төралқа төрағасының орынбасары, Астана қаласындағы филиал басшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі, генерал-майор Өміртай Бітімов, төралқа мүшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, генерал-майор Мұстафа Махамбет пен Шаймұрат Отарбаев, Ұлттық ұлан өкілі, генерал-майор Әлібек Сералиев, Ішкі істер министрлігінің өкілі, генерал-майор Төлеген Рақымжанов, кеңестің жауапты хатшысы Талғат Қаналиев, «Олжа» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы, жерлесіміз Сұлтан Неталиев пен облыстың басшы-қосшылары бар.

Олар ең алдымен аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Аудан әкімі Тимур Шиниязов соғыс өрті шарпыған мекен туралы қысқаша баяндап, келген меймандарға кішігірім кәдесый тарту етті. Одан соң сөз кезегін алған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төралқа төрағасы, Ішкі істер министрлігінің өкілі, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков өздерінің келгендегі мақсатын айтып, осы кезге дейін атқарған жұмыстарына тоқталды. Сонымен қатар ол аудан басшысы Тимур Серікұлына Кеңес Одағының Батыры, еліміздің тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов атындағы төсбелгіні, Амангелді Мырзағалиұлы мен Тахир Зинұрұлына авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигельдинов атындағы төсбелгіні кеуделеріне тақты.

Сонан соң Амангелді Мырзағалиұлы мінбеге көтеріліп, ауданға «Қаһарман» мәртебесін берудегі атқарып келген жұмыстарды атап өтті. Алайда, жұмыстар нәтиже бермей, аудан ауызша ғана қаһарман боп аталып жүргенін жеткізді. Оның пікірінше, жақын арада «Қаһарман аудан» мәртебесі заң жүзінде де берілеріне сенім мол.

Мәдениет үйінде өткен кездесуден кейін аудан орталығындағы «Қаһарман аудан» обелискіне барған меймандарды «Жәнібек сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі қарсы алды. Естелік суретке түскен генералдар алаңда жасақталған көрмемен танысты. Ол жерге аудандық тарихи-өлкетану музейі соғыс кезін еске салатын жәдігерлерді қойса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі кітап көрмесін таныстырды.

Осы күні «Генералдар кеңесі» бірлестігінің мүшелері ауылдың оңтүстік-батыс бетінде орналасқан бауырластар қорымына бет алды. Онда соғыс жылдарында қаза болған 140 боздақ мәңгіге тыныс тапқан. Ішінде сардарлар мен қатардағы сарбаздар, медбикелер бар. Сонымен қатар бұрынғы №804 жылжымалы механикаландырылған колонна ғимараты аумағында орналасқан бауырластар зиратында болды. Мұнда 1942-1943 жылдары қаза тапқан 70 жауынгер жерленген. Қос зиратқа генералдар гүл шоғын қойып, тағзым етті.

Одан кейін соғыс кезінде бомба түскен су мұнарасына барып, тарихына қанығып батырлар аллеясына аялдады. Мұнда М.Мәметова, Х.Доспанова, Е.Ниетқалиев, Н.Чуриков ескерткіштері мен жалпы ауданнан соғысқа аттанған 3602 адамның есімі жазылған тақта бар. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Жәнібек ауданына келген «Генералдар кеңесі» мүшелері сапарды «Түлектер» саябағында тал-терек отырғызумен тәмамдады. Әрбір генерал бір-бір теректен отырғызып, Жәнібек ауданының тарихында қалды. Енді Жәнібек саябағында «Генералдар аллеясы» да бар.

Сонымен бірге генералдар Бөкей Ордасы ауданына да бет бұрды. Алдымен олар қазақтың тұңғыш кавалерия генералы Ғұбайдолла Жәңгіров, тұңғыш кәсіби  әскери генерал Шәкір Жексенбаев, тұңғыш ішкі істер генералы Талап Қабденовтердің кіндік қаны тамған тарихи құт-мекенге тәу етті. Генералдар көшін Хан ордасының кіреберіс қақпасынан аудан басшысы Нұрлыбек Дамуов, ауыл әкімі Әлібек Айтқалиев, музей-қорықтың басшысы Ғайса Махимов бастаған ауыл азаматтары мен ақжаулықты аналарымыз ақ ұсынып, ақ жарма көңілмен қарсы алды. Қонақтар музей-қорықты аралап, аудан тарихына қанықты.

Аудан орталығындағы «Қару аманаты» саябағында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, соғыс құрбандарын бір минуттық үнсіздікпен еске алып, қаһармандар ескерткішіне гүлшоқтарын қойды. Сонымен қатар, генералдар аудан активімен кездесті.

Аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың төрағалығымен өткен іс-шарада келелі мәселелер қозғалып, ұсыныстар айтылды. «Бөкей ордасы – Сталинград шайқасының ең жақын тылы болған, соғысты бастан өткерген аудан. Ресми деректер бойынша Орда ауданынан Орда әскери комиссариаты арқылы майданға 4613 адам аттанса, олардың ішінен соғыстан оралмағандары – 3028 адам. Оның ішінде, ұрыс даласында қаза болғандары – 1408, хабар-ошарсыз кеткендері – 1410, жарақаттан қайтыс болғандары – 206, ал тұтқында көз жұмғаны – 4 адам. Бөкей ордасы ауданынан үш бірдей Кеңес Одағының батыры, бір Халық қаһарманы шықты», деп аудан әкімі соғыс жылдарындағы аудан тарихынан мәлімет беріп өтті.

Сөз алған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігі төралқасының төрағасы, генерал-лейтенант Бексұлтан Сәрсеков Батыс Қазақстанның шалғайда жатқан қос бірдей ауданына арнайы келулерінің мақсатын айтып, бүгінгінің бас ауыртар мәселелерін де тілге тиек етті.

«9 мамыр – тойлайтын мереке емес, өткеннен сабақ алатын, бүгінгінің парқына бойлап, тағылым алатын күн. Бұл күн – Отан үшін шейіт болған аталарымыздың, жесір қап, қасірет кешіп, жастай солған аналарымыздың, балалықпен ерте қоштасып, белдері қатпай, еңбекке араласқан соғыс балаларының рухына тағзым ететін күн. Ел аралап, жергілікті тұрғындармен кездесудегі мақсатымыздың бірі – жастар арасында отансүйгіштік, патриоттық тәрбиені насихаттау. Біздің жастық шағымызда «Мен де ешкімнен кем емеспін. Қатарымнан қалмаймын» деп әскерге баруға құлшынып тұрса, қазіргі жастар дәрігерлердің есігін тоздырып, қалайда бір ақаулықты іздеп тауып, «кемістігім бар» деп әскерге бармаудың түрлі себебін тауып, бұғып қалады.

Сапарымыздың екінші бір мақсаты – соғыс оты шарпыған қос ауданға өз аяғымызбен барып, өз көзімізбен көріп, қаһарман аудан атағының берілуіне септесу. Бұрынғы Сталинград, қазіргі Волгоград – батыр қала деген мәртебеге ие.  Ал, осы батыр қаланың ең жақын тылы болған, жау ұшақтары көздеген негізгі нысаны – Жәнібек, Орда аудандарына ешқандай мәртебе берілмегені тарихи әділетсіздік», дейді Бексұлтан Сәрсеков.