• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Сәуір, 2025

Тұлға туралы толғау

30 рет
көрсетілді

«Astana Eurasian Book Fair 2025» халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Корифей» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған кітап – Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан жарық көрген, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған.

Салтанатты жиынға «Худо­жествен­ная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пряхин, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Сұл­танов, Қырымбек Көшербаев, Ералы Тоғжанов, Орталық сайлау комис­сиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров, генерал Владимир Божко, филология ғылымдарының докторы Әсима Ишанова, сондай-ақ әдебиет­сүйер қа­уым мен жас оқырман қатысты. Басы­лымның таралымы – 1 000 дана.

Жаңа туынды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзі­мен бас­талады. Мемлекет басшысы Әбіш Ке­кілбаевпен ұзақ жылдар Се­нат­та қатар жұмыс істегенін, оны аса жоғары құрметпен қабылдағанын тебірене еске алады. Президент бұл жылдарды өзінің өміріндегі бақытты кезең ретінде сипаттап, жазушының дана­лығына, тұлғалық биігіне бас ие­тінін жеткізеді.

Сондай-ақ алқалы жиында мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Кө­шер­баев сөз алып, абыз қаламгер туралы кеңінен толғады.

«Мәскеуде Қазақстанның елшісі қызметінде жүргенімде Әлемдік әде­биет институтының директоры Феликс Кузнецовпен жақсы араласып едім. Сол кісі бір сөзінде «Әуезов – қазақ әде­­бие­тінің кеңдігінің, Кекілбаев –терең­дігінің өлшемі» деген болатын. Мық­­тылардың бір-бірін мойындауы оңай болмайды. Әйтсе де Әбіш ағаны мойындамау мүмкін емес еді. Мен Әбемен – әдебиетіміздің классигі Әбді­жәміл Нұрпейісовпен қазақы­лық жағынан жақын адаммын, оған қоса ағайындығымыз тағы бар. Еркін сөйлесе беретінмін. Бір жолы әзіл-шынын араластырып: «Нұрпейісов те мықты, Ке­кіл­баев та мықты. Әйтсе де қайсысы мық­тырақ?» деп сұрақ қой­ғанмын. Әбең ойланып отырды да: «Әй, ол бұй­рабасқа жету қайда?!» деп еді», деді Қы­рымбек Көшербаев.

Кітапта Әбіш Кекілбаевтың сан қырлы болмысы кеңінен ашылып, қалам­гердің рухани тереңдігі мен адам­гер­шілік қасиеттері сипатталады. Жазу­шы, драматург, ақын, тарихшы, саясаткер, философ, әдебиет­танушы, пуб­лицист – бұл тек Әбіштің бойындағы қасиеттердің бір парасы ғана. Автор оны «дала даналығынан» нәр алған, зама­нының феномені деп сипаттайды. Автор өз естеліктерінде Әбіш Кекілбаев­тың адами қасиеттеріне де ерекше тоқталады.

Кітаптың орыс тілінде жарық көруі – Әбіш Кекілбаевтың шығарма­шылығын жаңа аудиторияға танытуға мүмкіндік береді. Оның еңбектері бұған дейін ағылшын, француз, араб, түрік, чех, өз­бек, қырғыз, тәжік тілдеріне ауда­­рыл­ған.