Түркістан облысы, Түлкібас ауданында ірі зауыт құрылысы басталды. Құны 180 млрд теңгені құрайтын зауытта каустикалық сода, поливинилхлорид, цемент, әк және кальций карбиді өндірілетін болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Күні кеше еліміз үшін аса маңызды өндірістік жобалардың бірі – «Састөбе инновациялық кешенінің» бірінші кезеңінің қондырғыларды орнату жұмыстары басталды. «Саутс-Ойл» компаниясы қолға алып отырған бұл кешен іске қосылғанда еліміздегі ең ірі әк өндіруші болады. Аталған өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ғана емес, экспорттық әлеуетті де айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің құрылыс алаңында инвесторлармен кездесуінде Түлкібас ауданы аумағындағы «Састөбе» инновациялық кешені» ЖШС жобасына «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы аясында қолдау көрсетіліп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленгені айтылды. Жоба экологиялық стандарттарға сай заманауи технологиямен жүзеге асатыны, бұл – ірі өндіріс орнынан күтілетін басты талаптардың бірі екені де жеткізілді.
Келесі жылы іске қосылатын зауытта жылына 400 мың тонна әк, 200 мың тонна кальций карбидін, 100 мың тонна каустикалық сода, 120 мың тонна поливинилхлорид және 1 млн тонна цемент өндіру жоспарланып отыр. Құрылыс, химия, металлургия секілді өнеркәсіптің көптеген салаларына серпін беретін жоба аясында мыңға жуық жұмыс орны ашылады.