Иранның оңтүстігіндегі Бендер-Аббас қаласында орналасқан Шахид Раджаи портындағы жойқын жарылыстан кейін ел билігі дүйсенбі күнін ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Жарылыстың салдарынан қаза тапқандар саны 40 адамға жетіп, жараланғандар саны 1 241-ге артқаны белгілі болып отыр. Жергілікті ақпарат жүйесінде апаттың Иранмен қырғиқабақ Израильдің қолымен жасалғаны туралы хабар тарап жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Жарылыс болған аймаққа Иран Президенті Масуд Пезешкиан арнайы барып, жағдайды өз көзімен көрді. Сонымен қатар Ресей басшысы Владимир Путин Иран үкіметінің сұрауымен өртті сөндіруге бірнеше ұшағын көмекке жіберді. Бұл туралы Ресейдің Тегерандағы елшілігі мәлімдеді.
Иранның мемлекеттік телеарнасына сұхбат берген жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің өкілі жарылыстың бірнеше контейнердің жарылуынан болғанын хабарлады. Қазір жараланғандарды медициналық орталықтарға жеткізу және эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр.
Порттағы өрт салдарынан жұмыс уақытша тоқтады. Көптеген жұмысшылардың сол маңда болғаны ескерілсе, қаза тапқандар мен жараланғандар саны әлі де артуы мүмкін екені айтылды. Ирандық ақпарат құралдары жарылыстың күшті болғаны соншалық, бірнеше шақырым радиустағы ғимараттардың терезелері сынып кеткенін, ал аспанда алып саңырауқұлақ тәріздес бұлттың пайда болғанын хабарлады.
Иран Денсаулық сақтау министрлігі Хормозган провинциясында төтенше жағдай жариялап, тұрғындарға үйден шықпауға, терезелерді жауып, маска тағуға кеңес берді.
Осы жағдайға байланысты Иранның белгілі саясаткері, Мәжіліс депутаты Мұхаммед Серадж арнайы мәлімдеме жасап, жарылысқа Израильдің қатысы бар деген пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл оқиға кездейсоқ болған жоқ. «Біздің қолымызда Израильдің бұл іске тікелей қатысы барын дәлелдейтін нақты айғақтар бар», деді ол. Депутаттың сөзінше, жарылғыш заттар контейнерлерге олардың шыққан елінде немесе тасымалдау кезінде жасырылған болуы мүмкін. Сонымен қатар, ішкі қауіпсіздікке жауапты қызметтердің де назарынан тыс қалмаған жайт — жарылыс бірден төрт түрлі жерде қатар орын алған.
Әзірге ресми органдар жарылған контейнерлердің ішінде нақты қандай заттар болғанын ашық жариялаған жоқ. Алайда New York Times басылымы Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының белгісіз өкіліне сілтеме жасап, жарылыстың натрий перхлоратын сақтау кезінде орын алғанын хабарлады. Бұл зат қатты отынды зымыран қозғалтқыштарын жасау үшін пайдаланылады.
Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі де жарылыстың химиялық заттар сақталған контейнерлерден шыққанын растағанымен, нақты қандай химиялық құрам туралы мәлімет бермеді. Associated Press агенттігі өз кезегінде жеке күзет компаниясы Ambrey деректеріне сүйене отырып, наурыз айында портқа Қытайдан натрий перхлоратын негіз еткен зымыран отынының жеткізілгенін жазды.
Financial Times басылымының қаңтардағы ақпараты бойынша, бұл отын Иранның зымыран қорын толықтыру үшін сатып алынған. ХАМАС ұйымымен соғыс кезінде Израильге бағытталған тікелей шабуылдардан кейін Иранның әскери қоры әлсіреген болатын.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Иран Қорғаныс министрлігінің өкілі жарылыс болған портта әскери мақсаттағы ешқандай материал сақталмағанын алға тартты.
Айта кету керек, Бендер-Аббас порты стратегиялық маңызы зор Ормуз бұғазының жағалауында орналасқан. Бұл порт Иранның ең ірі теңіз қақпасы саналады. Өткен жылы елдегі контейнер тасымалының 85 пайызы дәл осы порт арқылы жүзеге асқан болатын. Сонымен қатар, мұнай экспортының да елеулі бөлігі осы жерден жөнелтіледі.
Еске сала кетсек, 2020 жылы дәл осы порттың компьютерлік жүйелері кибершабуылға ұшырап, су жолдары мен автожолдар қозғалысында ақаулар туындаған еді. Сол кезде Washington Post басылымы бұл шабуылға Израильді кінәлаған болатын.