Бүгін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов дүниеден озды, деп жазады Egemen.kz.
Қаралы хабарды М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мәлім етті.
«Бүгін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Асқарұлы Қасқабасов өмірден өтті», делінген қаралы хабарламада.
Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласының Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барады. 1967 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер иснтитутының аспирантурасын бітірген. 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.
Еңбек жолын 1970-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы әрі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы болып бастады. Кейіннен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған.
Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселелеріне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған.