Бүгін Рим қаласына Католик шіркеуінің өмірден өткен көшбасшысы Папа Францискті соңғы сапарға шығарып салу үшін 100-ден астам делегация келген. Жерлеу рәсімі сенбі күні таңертең өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Папа Францискті соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Еуропаның және әлемнің алдыңғы қатарлы саяси көшбасшылары қатысады. Олардың қатарында Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен, Франция президенті Эмманюэль Макрон және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер бар.
Сондай-ақ, Римге АҚШ-тың президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский келеді деп күтіледі.
Euronews хабарлауынша, бейсенбі күні ғана 90 мыңнан астам адам Папа Францискіге құрмет көрсету үшін Ватикандағы базиликаға келген. Халықтың көп болуына байланысты базиликаның жұмыс уақыты түнге дейін ұзартылған.
Ватикан мәліметінше, жерлеу рәсімі алдында Папа Францисктің табытын кедейлер мен баспанасыз адамдар тобы қарсы алады.
Папа Франциск өзі жиі құлшылық еткен Қасиетті Бикеш Марияның иконасы орналасқан Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленеді.
Естеріңізге сала кетейік, Папа Франциск 88 жасында дүниеден өтті.