Биыл 24 сәуірде «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде сақталған қабірхананың оюлы ағаш есігі таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz
Музей қызметкерлері көпшілікке есікті реставрациялау кезеңдері туралы әңгімеледі және есіктегі жазбалардың мағынасын да түсіндіріп өтті.
Екі жыл жүргізілген ғылыми-зерттеу нәтижесі бойынша XIV ғасырдан бері сақталып келген қасиетті есіктің өңі сыр бере бастағаны мағлұм болған. Сол себептен 2021 жылы есік қалпына келтіру лабораториясына реставрация-консервация жұмыстары үшін жіберілген екен.
«Бұл жоба барысында 3D-сканерлеу, рентгенография және нейтронды томография сияқты заманауи технологиялар қолданылды. 5 жыл бойғы қайта қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесінде, есік ғасырлар бойы қордаланып қалған шаң-тозаңнан, зиянкестерден тазартылды. Бұл қасиетті есіктің әлі ұзақ сақталуына сеп болып, осы уақытқа дейінгі белгісіз жазуларды да оқуға мүмкіндік беріп отыр. Реставрациялаудан өткен қабірхана есігі Түркістанға қайтарылып, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығында сирек жәдігерлер музейінің экспозициясына қойылды», деп хабарланды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.