• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат 24 Сәуір, 2025

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ: «Қазақтану» жобасы қайта жаңғырғаны жөн

60 рет
көрсетілді

Биыл елдегі этносаралық татулық пен бірліктің берік тұғырына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Осы мерейлі дата қарсаңында белгілі этнограф, ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевты әңгімеге тартып, Ассамблеяның атқарған істеріне, бүгіні мен болашағына үңілуді жөн көрдік.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы қалай туды? Ол кезде басты мақсат не еді?

– Кеңес дәуірінде ел аумағындағы этносаяси үдерістерді басқару тікелей Мәскеудің құзыретінде болғаны белгілі. «Совет халқын жасаймыз» деген ұранмен бір тіл мен мәдениет негізінде жаппай ассимиляция үдерісі жүрді. Ортақ тіл болады деп елімізге түрлі ұлт өкілі қоныстандырылды. Тәуелсіздік алған кезде аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекетімізге осы көпэтносты, көпконфессиялы қоғам мұра болып қалды. Алғашқы жылдары елдің түрлі өңірінде сепаратистік ахуал да байқалғаны белгілі.

Міне, мұның бәрін есепке ала келе, әлем елдеріндегі ассамблеялар тәжі­рибесі негізінде Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды. Оның басты мақсаты – этносаралық мәселелерді Ассамблея арқылы шешу, көпэтносты қоғамды тиімді басқарудың бір құралы есебінде пайдалану. Бұл қадам сәтті болып, бірлігіміз бекіп, шаңырақтың шайқалмауына өз үлесін қосты.

Өйткені өткен 30 жылда Ассамблея өте көп жұмыс атқарды. Елдегі тұрақ­ты­лық пен ынтымақтың сақталуына, ішінара орын алған кейбір кикілжің мен жанжалдардың алдын алуға ықпал етті. Сондықтан мен өз миссиясын дұрыс орындады деген ойдамын. Қазір де Ассамблея елдегі бейбітшіліктің тірегі болып келеді.

– ҚХА жанындағы Ғылыми сараптама кеңесінің алғашқы мүшелерінің бірі ретінде осы құрылымның нақты қандай зерттеулері қоғамға пайдалы болды?

– 2008 жылы Астанаға көшіп келгелі Ассамблеяның жұмыстарына тікелей араласып, атсалысып жүрмін. Соның арқасында өз идеяммен «Қазақстан этностары» атты көптомдықтың жарық көруіне себепші болдым. Біз елімізде қандай этностар бар екенін, олардың мәде­ниеті, әлеуметтік, қауымдық ерек­шелік­терін жете талдап, танып-білуіміз керек. Осы мақсатта аталған еңбекті өзім бастап жазып, әр этносқа бір-бір кітап арналды. Көптомдықты сол кез­дегі Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының төрағасы Ералы Тоғжановтың қол­дауымен, профессор Айгүл Сәдуа­қасова басқаратын Социологиялық орталық арқылы жарыққа шығардық.

Тағы бір мысал айтсам, өз тарапымнан ұлтаралық мәселелерге арналған сөздік нұс­қасын ұсындым. Кез келген мәселені, әсі­ресе этносаралық қарым-қатынасқа қатысты дүниені ғылыми деңгейде зерттеу үшін терминология, ұғымдардың дефинициясы айқындалған болуы шарт. Бұл еңбек осы мақсатта дайындалды. Кейін ол этносаяси сөздік ретінде жарық көрді.

Сонымен қатар «Қазақстандағы қазір­гі этникалық қарым-қатынастар» деп аталатын кітап дайындадым. Бірақ ол басылмай қалды. Себебін біл­медім. Оны ең болмаса жалпы оқыр­манға емес, қызметтік пайдалануға арналған кітап етіп шығаруға болар еді.

Жалпы, біз көпэтносты ел болған­дық­тан, қоғамда түрлі мәселелер болмай тұрмайды. Оны ғылымда «этноконфликтология» деп атайды. Мұндай жанжалға түрлі себеп табылуы мүмкін: тұрмыстық жағдайлар, жер-су мәселесі, тіпті көрші елдердегі ахуал да түрткі болуы ғажап емес. Соның алдын алу үшін мәсе­ле­нің шығу төркінін, түп негізін білуіміз керек. Жоғарыдағы кітап соның бәрін зерт­теу арқылы дайындалды. Пайдасы да зор болар еді.

– Кейінгі жылдары ҚХА-ға қандай жаңа міндет жүктеліп отыр?

– Елдегі саяси өзгерістерге байланыс­ты Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысына өзгеріс енгізіп отырады. Енді алдымызда мүлдем жаңа міндет­тер тұр. Қазіргі күні елде қазақ ұлты­ның үлес салмағы 70 пайыздан асты. Жақын арада 75 пайызға жетеміз. Кез келген мемлекетте негізгі ұлттың үлесі 75 па­йыздан асса, онда өзге этностарды өзінің артынан ертіп, тілі мен мәдениетіне бейімдеу үдерісі жүре бастайды. Біз қазір осындай межеге жетіп отырмыз. Бұл тұрғыда Ассамблеяға артылатын міндет те басқаша болуға тиіс.

Бүгінде елімізде ұлты, тегі басқа болса да, қазақ тілінде сөйлейтін, дүние­танымы мен ділі қазақ болып кеткен адамдар көп. Олардың саны да артып келеді. Бұлар қазақ қоғамында өздерін бөтенсімеуі немесе маргинал болып кетпеуіне  оларды қазақ этностық қауым­дасты­ғына кіргізу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл – кез келген ұлттың тарихында бар нәрсе. Мәселен, қа­зіргі қазақтың ішінде шыққан тегі қал­мақ, қырғыз, тіпті қытай мен орыстар да аз емес. Бірақ олар ғасырлар бойы осы жерді мекен етіп, тіліміз бен ділімізді қабылдау арқылы қазаққа айналды.

Жуырда Қарағанды облысының ақсақалдар кеңесінде өткен жиынға арнайы қатысып, этнос құраудың тетігі есебінде «Баталасу» институтын енгізуді ұсындым. Ақсақалдар мен Ассамблея осыны бірігіп жүзеге асыруы керек екенін айттым. Менің ойымша, ендігі уақытта Ассамблея жұмыс бағытын қазақтілді өзге ұлт өкілдерін қазақ ұлтының айналасына шоғырландыруға түбегейлі бұрғаны жөн. Бұл елдегі татулық пен бірлікті одан әрі нығайтып, бейбіт қоғам іргесін бекіте түсуге ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

– Біздің білуімізше, осы мақсатта бұған дейін «Қазақтану» жобасы болған еді.

– Иә, Ассамблея тарапынан қолға алынған бұл жобаны дайындау мен іске асыруға мен де белсене атсалыстым. Өте маңызды жоба еді. Аты айтып тұрғандай, негізгі мағынасы – «қазақты тану» болғанымен, екінші мағынасы – «қазақ болу». Біз аймақтарда көп жұмыс істедік. Қазір, өкінішке қарай, бұл жұмыс саябырсып қалды.

Қазір елімізде этносаралық қатынас тұрақты. Дегенмен жағдайды жіті бақылап отыру керек. Жан-жақтан ағылған «жұмсақ күштің» жұлмалауына түспес үшін «Қазақтану» секілді жобаның әрі қарай да жалғасқаны абзал. Белсенді ғылыми топтар аймақтар­ға барып, көбірек жұмыс істеуі керек. Халықпен кездесіп, ұлтаралық мәселелер туындап жатса, бірлесіп талқылап, шешімін табуға атсалысып отыру қажет. Аталған жоба аясында алғашқы кезеңде «қазақты тану» бағытына баса мән берілсе, енді «қазақ болу» жағын көбірек ойлау керек.

– Әңгімеміздің соңында қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы «бірлік пен келісім» ұғымдарының түп негізін бірауыз сөзбен түйіндесеңіз.

– Қазақтың дәстүрлі дүниетанымын­да бірлік пен келісімді қазіргідей этносаяси ынтымақтастық мағынасында емес, ауыз әдебиеті арқылы басқаша түсін­дірген. Мәселен, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», «Ала қойды бөле қырық­­қан жүнге жарымас» деген мақал-мәтелдеріміз аз емес. Осындай фольк­лорлық ұғымдар – біздің бірлік пен ынтымақ туралы дүниетанымымыз­дың көрінісі. Ата-бабамыздың ұрпаққа қалдырған аманаты. Біздің міндет – осы аманатқа берік болу.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»