Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95%-ын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеген еді. Президент тапсырмасына сәйкес Алматы қаласын транзиттік көліктерден босатып, айналып өту мақсатында 2 жыл бұрын ел тарихында тұңғыш рет инвесторлар көмегімен жоғары жылдамдықты Үлкен Алматы айналма автожолы іске қосылды.
Алты жолақтан тұратын «А1» санатындағы жолдың жалпы ұзындығы 66 шақырымды құрайды. Өңірге келген бір топ Сенат депутаты Алатау қаласындағы Үлкен Алматы айналма автожолын пайдалану басқармасына (ҮАААЖПБ) арнайы барып, автожол желісін дамыту мәселелерін талқылады.
Сенаторлар инфрақұрылымдық жобаны іске асыру нәтижесімен танысып, күре жолды пайдаланудың қазіргі жай-күйін бағалады.
«Жолды күтіп ұстауға 16 техника, 4 патрульдік машина сатып алынды. Тазарту жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізіледі. Жұмысшылардың тұрақты әрі қалыпты жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Демалыс орны, асхана жұмыс істейді. Техникалары тексерістен өтеді және осында жасалады. Жарық сөніп, басқа да жағдай бола қалса, апаттық станса іске қосылады. Біздің міндетіміз – жол күтімін үзбей жүргізу. Тариф жыл сайын айлық көрсеткіштерге байланысты өзгеріп тұрады. Айталық, жеңіл машиналар 1 сағатқа 281 теңге төлейді. Бастапқы бағасы 241 теңге болған. Содан бері 2 рет өсті. Сондай-ақ жолдың тегістігі, бұрылатын радиустары көліктің сағатына 150 шақырыммен жүруіне есептелген. Бірақ жол қауіпсіздігін ескеріп, ғылыми-зерттеу институттары мен әкімшілік полиция ұсынысымен жылдамдықты сағатына 120-дан асырмауды ескертетін жол белгілері қойылды. Жол-көлік оқиғасы болса немесе жолдың бір жолағы жабылса, жол бойындағы таблода ескерту хабарламалары беріледі», дейді ҮАААЖ күтіп-ұстау менеджері Нұрланбек Өмірбаев.
Жол пайдаланушыларға жағдай жасау үшін алдағы уақытта ҮАААЖ бойынан жанар-жағармай құю стансаларын, сервистік қызмет көрсету орындарын салу жоспарланған. Қазір жолға 7 жерден қосылуға болады. Енді 5 радиалды көше қосылса, көлік саны да еселене түспек.
«Әр тәулік сайын шамамен 80 мың көлік жүреді. Одан түскен қаржы мемлекетке аударылады. Мемлекет келісімшарт бойынша 16 жылда жасалған құрылысқа, күтіп ұстауға кеткен қаражатты өтеп береді. ҮАААЖ-да бастапқыда 38 мың машина жүрсе, бүгінде бұл көрсеткіш 80 мыңға жуықтады. Жол бойындағы Алматы облысына қарасты Талғар, Іле және Қарасай ауданы тұрғындары үшін жеңілдетілген тариф тағайындалған», дейді Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары Бақтияр Жамбылов.
Сенат депутаты Әлібек Нәутиевтің айтуынша, іссапардың мақсаты – жергілікті жердегі жолдардың қалыптасуы, олардың дамуы және болашақтағы мәселесін бағдарлау.
«Еліміздің транзиттік әлеуеті өте жоғары. Осыған байланысты Мемлекет басшысы логистиканы дамыту жөнінде көптеген мәселені Үкімет алдына қойды. Өкінішке қарай, жергілікті жердегі республикалық деңгейдегі жолдардың сапасы мен жасалуы халықтың көңілінен шықпай жатыр. Бізде жол құрылысының ұзаққа созылуы, одан кейінгі сапасының төмендігі, жол қабаттарының дұрыс төселмеуі үлкен мәселеге айналған. ҮАААЖ құрылысының салынуы да 20 жылға жуықтаған, құны да қымбат. 16 жыл ішінде өзін-өзі ақтау керек. Банктерден түскен қаржыны келешек ұрпақ қайтаруы қажет және ол осы көлемде ғана емес, үстінде пайыздық қосымшалары бар. Қазір жақсы болғанымен, қайтарымы халық пен Үкіметке үлкен міндет жүктейді. Сондықтан осы бағыттағы республикалық мәселелерді саралап, оны Парламенттік тыңдауда қарап, Үкіметке ұсыныстарымызды жолдаймыз», деді сенатор.
Сондай-ақ депутаттар «Алматы желдеткіш зауытында» болды. Кәсіпорын басшысы Марат Баққұловтың сөзінше, заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізу зауытқа бәсекеге қабілетті болуға, нарықта тұтынушылардың өзгеріп отыратын талаптарына бейімделуге мүмкіндік берді.
«Бұл басқа компаниялармен ынтымақтастыққа және өнім ассортиментін кеңейтуге жол ашты. Біз қоршаған ортаны қорғау, энергия үнемдеудің үздік әлемдік технологияларын қолданамыз. Кәсіпорын «TruLaser 3030» (Германия) лазерлік кесу машинасын, «Euromaс» (Италия) координаттық-тескіш баспақты, «TruBend» (Германия) табақты ию машинасын, «Salvagnini» (Италия) панель игіш машинаны, «Kuka» роботты манипуляторын, «AUBO» бірлескен роботын, «BORUNTE» өнеркәсіптік роботын, «Modula» автоматтандырылған қойма сақтау жүйесін пайдаланады. Қазір компания ағынды-сорғылы қондырғыларды, жалпы айырбастау клапандары мен түтін аластағышты, сондай-ақ радиалды және осьтік желдеткіштерді қоса алғанда, өнімдердің кең ассортиментін шығарады. Өнім ішкі нарықта да, шетелде де сұранысқа ие», дейді компания басшысы.
Сенаторлар «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан қаржылық қолдау алған бірқатар кәсіпорын қызметімен де танысты. Олардың қатарында «Teplostil» термотақталар шығаратын зауыт, полиэтилен құбыры мен тамшылату тұрбасын шығаратын «Ирригатор Қазақстан» кәсіпорны, «Бижан» ет өңдеу зауыты мен инновациялық және импортты алмастыратын жобаларды табысты іске асыратын басқа да кәсіпорындар бар.
Алматы облысы