• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс 24 Сәуір, 2025

Нан – берекенің көрсеткіші

220 рет
көрсетілді

«Ақсай нан» әуелде әлеуметтік нан пісіруге бағдарланған кәсіпорын ретінде құрылды. 1985 жылдары қара бидай нан, батон және тоқаш өнімдерімен толықты. 1988 жылдан бастап ассортиментке тәтті торт пен тоқашты, сан алуан нан түрлерін қосты. Қазір кәсіпорын Алматының 70%-ын ыстық нанмен, еліміздің 60%-ын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Роботтар тағам әзірлейді

Компанияда ISO 9001 халықаралық стандарттары мен НАССР қағидаттары негізінде әзірленген біріктірілген менеджмент жүйесі жұмыс істейді. Заманауи жабдықтары бар технологиялық зертхана шикізат, жартылай фабрикат және дайын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қатаң бақылайды. Бөлшек сауда бөлімінің өкілдері «Ақсай нан» ассортименті 300-ден астам позициядан тұратынын, ал комбинат тәулігіне 150 тоннадан астам өнім шығаратынын атап өтті.

Бір ерекшелігі – фирмалық дүкендер барлық өнімді комбинат бағасымен сатады. Мұндағы нан өзге дүкендермен салыс­тырғанда 20%-ға арзан. Екінші маңызды жайт – фирмалық дүкендер мен кафетерийлер біріктірілген. Бұл тәжірибе Еуропаның гастро­но­мия­лық индустриясынан алынған, онда кафетерийлер көбіне ірі азық-түлік пен әмбебап дүкен­дер­де ұйымдастырылады. Мұн­дай шешім клиенттерге жаңа пі­сірілген тағамдарды сол жерде тұтынуға әрі толық тамақ­тануға мүмкіндік береді.

«Ақсай нан» кафетерийінің соңғы ноу-хауының бірі – тағам дайындау үдерісін роботтандыру. Робот әлемнiң ең танымал тағам­да­рының құрамын есте сақтап, өндірісте емін-еркін пайдаланады. Сонымен қатар нан ком­бинаты «Даму» қорының көме­гі­мен нан пісіретін цехтарды жаңартып, автоматтандыру үлесін арттырған.

 

Нан мен жеміс дәмі интеграцияланады

Алдағы уақытта «Ақсай нан» Шымкент қаласында зауыт ашуды жоспарлап отыр. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, күрделі жабдықтарды жеткізу және жөндеу басталған. Кәсіпорын ассор­тиментінде нан, тоқаш, ойық тоқаш және кондитерлік өнім­дер­дің 320-дан астам түрі бар.

Бүгінде «Ақсай нан» күніне 150 тонна дайын өнім шығ­а­рып, 1 000-нан астам адамды жұмыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ компания 10 дүкен мен асханалары бар филиалдарды бақылайды.

Комбинатта өндіріс үдері­сіне инновацияларды белсенді енгізе­тін заманауи технологиялар бө­лімі жұмыс істейді. Компания ғылыми-зерттеу зертханаларымен ынтымақтастық орнатқан. Кәсіпорын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасының жоғары стандартын растайтын шикізат пен дайын өнім өндірісін бақылауға ерекше назар аударады. Иженер-технолог Әлия Ахатқызының айтуынша, «Ақсай нан» өнімдері арысы бидай, берісі ұн, ашытқы, майы мен тұзына дейін отандық азық-түлік өнімдерінен дайындалады. Тіпті нан комбинаты жанында нан ашытқысының бірнеше түрін дайындайтын қосымша цехтар жұмыс істейді. Бұл «Ақсай нанның» бірнеше шағын цехтың басын қосып отырған компания­лар тобы деңгейіне көтеріліп қалғанын білдірсе керек.

«Біз Ташкент, Мәскеу технологтарымен ұдайы тәжіри­бе алмасамыз. Жыл сайын кемі ондаған түр мен дәм жаңар­тылады. Тұтынушы талғамы Алматының ауа райындай құ­бы­­лып тұрады. Бірде пісте дә­нін жақсы көрсе, біресе кебек дәніне басымдық береді. Кейінгі кездері жүгері, қара­құ­мықтан тарттырылған ұннан дайын­далған нандар көбірек сұра­ныста. Бұрын кебек жармасы араласқан нан түрі сұраныста болса, қазір тренд басқа. Жастар жағы алма, банан, өрік дәмі бар нан түрін іздейді, торт құра­­мындағы ұн мөлшерінің ба­рын­ша аз бол­ғанын қалайды. Пісте дәні ара­ласқан нан түрі де сұранысқа ие. Бізге белгілі жеміс түрлерін нан дәмімен интеграциялауға тырысамыз. Әлеуметтік санаттағы нан түріне сұраныс көп болғандықтан күніне 60-70 тоннасын пісіреміз. Содан кейін тілікті батон түрі де сұранысқа ие. Сондай-ақ багет нанының екі түрі дайында­лады. Бірі жоғары сортты бидай ұны болса, екіншісі қара би­дай ұнынан пісірілген «Боро­динская» деп аталатын нан түрі», дейді Әлия Ахатқызы.

 

Нан нарығындағы бәсеке жоғары

Қоймадан жеткізілген жүз­де­ген тонна ұн кезең-кезеңі­мен қазан­дыққа түседі. Бір қа­­зан­дықта бір мезгілде 250 кило қамыр да­йындалады. Нан құра­мына қажетті ашытқы, май, тұз мөлшерін адам емес, робот белгілейді екен. Қазандықта иі қанып, ашытқы қосылған қамырдың 2 сағаттан кейін дәмі тіл үйіретін сан алуан формадағы нанға айналғанын көз­бен көрдік.

Нан пісіру цехынан кейінгі бар­лау жұмыстары Рабила Балта­келдиева басқаратын дайын өнім­дер бөлімінде жалғасты. «Ақ­сай нан» комбинатында піскен нан түрінің барлығы осы цехтан шық­қан бойда Алматы дүкен­деріне жіберіледі. Мұнда екі мез­гіл­дік жұмыс ауысымы бекі­тіл­ген.

«Нан нарығы – бәсекенің ортасы. Алматыда бізден өзге, ха­лық­тың ықыласы үшін қиямет­тің қыл көпірінен өтуге дайын тұр­ған 40 шақты жекеменшік нау­байхана жұмыс істейді. Қалғып кетсең нарықтағы үлесіңнен айы­ры­лып қалу оп-оңай. Қала орта­лығындағы дүкендердің таңғы сағат 8-де пештен жаңа шық­қан нанды қабылдап алуы – қалып­ты жағдай. Біз үшін ха­лық­­тың талабы, сұранысы, тал­ғамы биз­несіміздің өмірін ұзар­туға берілген мүмкіндік», дейді маман.

 

АЛМАТЫ