• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Сәуір, 2025

ҚХА кеңесінің отырысы өтті

40 рет
көрсетілді

Парламент Се­на­тының депу­тат­тары Қазақ­стан хал­қы Ассамблеясы кеңесінің құрыл­ғанына 30 жыл толуын ме­рекелеуге орай өткен оты­рысқа қа­тысты. Іс-шараға қаты­сушылар ҚХА-ның қоғамдық келісім мен этнос­аралық диалогті нығайтуға қосқан үлесін, сондай-ақ Ас­самблея­ны жаңа жағдайда одан әрі дамытудың басым бағыт­тарын талқылады.

Сенатор Нұртөре Жүсіп отырыс барысында әрбір этнос өкілінің еліміздің дамуына қосқан үлесі мен даусы естілуінде Қазақстан халқы Ассамблеясы рөлінің маңызды екенін атап өтті. Ол қоғамдық өмір, жас­тар тәрбиесі және ұлт болашағын қалыптастыруда Ассамблеяның зор әсер ететін жанды, серпінді тетік екенін нақтылады.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – ерекше институт. Бұл жай ғана қоғамдық ұйым емес, ол Парламентке депутаттарды ұсыну саласындағы саяси салмағы мен өкілеттігі бар конституциялық орган. Ассамблея қызмет еткен 30 жылда азаматтық бейбітшілікті, этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайтудың нақты бейнесіне айналды. Оның жұмысының арқасында алуан түрлі мәдениеттерді мемлекетіміздің негізгі басымдығына айналдыруға мүмкіндік туды», деді Н.Жүсіп.

Сенатор Ассамблея жұмыс іс­теген жылдарда қоғамдық диплома­тия орталығына айналғанын және жаһандану мен көші-қон үдері­сінен бастап, тілдерді сақтау мен кем­сітушілікке қарсы іс-қимылға дейінгі қазіргі заманның өзекті сын-қатер­лерін талқылауда маңызды тұғырна­маға айналғанын атап өтті.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл көпұлтты елде диалогке, өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа басымдық берілетін қазақстандық консенсус үлгісі. Бұл барлық этнос өкілінің шешім қабылдау және азаматтық тұтастықты қалыптастыру үдерісіне қатысуын қамтамасыз ететін пәрменді тетік. Бұл жерде тек толеранттылық туралы емес, әркімнің ел болашағына шынайы қатысуы мен атсалысуы туралы айтылып отыр. Ассамблея бүгінгі таңда жетілген, тиімді және сұранысқа ие институт екені айқын. Оның тарихы қазіргі Қазақстан тарихының, диалог, сенім және жауапкершілік тарихының бір бөлігі», деді депутат.