• RUB:
    6.31
  • USD:
    512.34
  • EUR:
    582.07
Басты сайтқа өту
Өшпес даңқ 24 Сәуір, 2025

Батыл барлаушының ерлігі

170 рет
көрсетілді

Махамбет ауылында тұратын Есенғалиевтер отбасы жыл сайын Жеңіс күнін ерекше толғаныспен қарсы алады. Сол күні ауыл сыртындағы әкенің бейітіне барып, рухына Құран бағыштайды.

Боз төбенің басындағы зиратта майдангер Адай Есенғалиев жерленген. Ол 1943 жылдың басында 18 жасқа толып, майданға аттаныпты. Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алып, 1950 жылы елге оралды. Табиғатынан тұйықтау майдангер соғыс туралы әңгімеге сараңдау еді. Өзінің бай баласы ретінде қуғын көрген жастық шағы ойына оралды ма, әлде сүйегі табылмаған әкесі Иманқожаның рухы алдындағы өтелмеген парызы жанына ты­ныштық бермеді ме екен?

Иманқожа ХIХ ғасырдың басындағы Қазақстанның батыс өңірінде өмір сүрген ірі байлардың бірі болған. Шілдеде суатқа құлаған үйір-үйір жылқысы көлдің суын сарқып ішеді екен. Төрт түліктің қадірін жетік білетін бай шұрайлы қоныс іздеп, өріс жаңарту үшін жыл он екі ай көшіп-қонып жүреді. Қазан революциясынан кейін «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­масын» деген жалаң ұранмен байлардың мал-мүлкін жаппай конфискелеу, қудалау науқаны қызған кезде Иман­қожа бай үдере көшіп, өріске сыймайтын малы­мен майлы қиян Маңғыстауға табан тірейді. Осы қасиетті топырақта 1925 жылы дү­ниеге келген ұлына Адай есімін береді.

Ұлан-ғайыр қазақ даласын шарпыған «революция алауынан» оңай құтылмасын сезген Иманқожа кішкентай Адайды аталас ағайыны Саянға аманаттап, Еділді бойлап, Сарытау (Ресейдің Саратов облысы) асады. Бұл жақта да қызыл революция дүмпуі шыдатпай, қайтадан Нарын жақты бетке алады. Қазір Қызылқоға ауданы аума­ғындағы Тайсойған құмынан тиянақ табуға тырысады. Қалың елі қазағының жоғын жоқтаған Алаш идеясы көңіліне қон­ған Иманқожа бай көмек ретінде алаш­ордашыларға 4-5 үйір жылқысын береді. Көшіп-қонып жүрген аласапыранда дүниеге келген төртінші ұлының есімін алашордалықтардың құрметіне Алаш деп атайды.

«Мыңғырған мал біткен Иман­қожа байдың соңғы тұрақ­таған жері – Нарын құмына жалғас жатқан Бекетай құмындағы Кете­шағыл қонысы. Одан әрі ізі жоқ. Қанша іздестірсек те, ешқандай дерек табылмай тұр. Сол маңайдағы мұсылмандар қауымына Адайұлы Нұрмағамбет бас­таған ұрпақтары белгі қойды», дейді мем­лекеттік қызмет саласының ардагері Сағынғали Шотпақов.

Қатардағы жауынгер Адай Есен­ғалиев Ковель қаласы үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсеткен. Ол жау тылына жасырын барлау жүргізіп, қарсы жақтың бір миномет батареясы, үш пулемет нүктесі, бір танкіге қарсы бекініс, үш блиндаждың орналасқан жерін анықтаған. Сөйтіп, оған ұрыс тактикасын ұйымдастырып, жау шебін бұзып өтуге жол ашқан. Осы ерлігі үшін барлаушы А.Есенғалиев 1944 жылы 13 шілдеде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ал 1-Белоруссия майданы­ның 165-мино­метшілер полкінің құрамын­дағы барлаушылар взво­дының қатардағы жауынгері А.Есенғалиев Бобруйск, Кален­кович, Мозр қалаларын жаудан азат етудегі ерлігі үшін III дәрежелі «Даңқ» орденімен наград­талды. Кейінірек Вар­шава қаласы үшін болған қиян-кескі шайқаста Висла өзенінен «тіл» әкелгені үшін II дәрежелі «Даңқ» орденімен мара­патталды. Көп ұзамай Одер өзенінде болған шайқаста да батылдығымен көзге түскен аға сержант А.Есенғалиев I дәрежелі «Отан соғысы» орденін кеудесіне қадады.

Батыл барлаушы А.Есен­ға­лиевтің I дәрежелі Отан соғысы орденіне байланысты түсініксіз жайт бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін оның марапаттау қағазындағы мә­ліметті түпнұсқа көшірмесін сол күйінде бергенді жөн көрдік.

«В боях с немецко-фашисткими захватчиками товарищ А.Есенгалиев показал образцы, смелости и мужества. 30.04.45 г. он участвуя в разведгруппе, которая вела разведку боем в районе города Бранденбург из своего автомата лично убил 16 солдат и офицеров противника и содействовал в ­захвате 6 пленных.

5.05.45 г. Товарищ Есенгалиев начальником разведки дивизио­на двигался в передовой цепи пехоты. Северо-западнее города Бранденбург в районе Фл.Кютцков противник оказал сопративление. Под прикрытием огня дивизиона батальон атаковал противника. В атаке участвовал товарищ Есенгалиев, который из личного оружия убил 10 гитлеровцев, этим самым способствовал пехотному подрезделению овладеть населенным пунктом Кютцов.

Достоин Правительственной награды Ордена Славы I-й степени.

Командир 135 минометного полка полковник (Гурьянов). 11.5.45».

Бұл ерлік шежіресіне үңіл­сеңіз, 1945 жылдың 5 мамырында болған ұрыс қи­мылдары нақты деректермен келтірілген. Ал 11 мамырда жоғары наградаға ұсы­ныл­ған.

Бірақ қазақ жауынгеріне тиесілі I дә­режелі «Даңқ» орденін қызғанған жоғары деңгейдегі басшылық А.Есенғалиевтің соңғы шайқастағы ерлігін көпекөрінеу бұрмалаған. Сөйтіп, I дәрежелі «Отан соғысы» орденіне ауыс­тырып жіберген. Өтірікшінің айғағы қасында дегендей онысы «байқаусызда» құжатта көрініп қалыпты. Жоғарыдағы 1945 жыл­ғы 11 ма­мырдағы барлаушы А.Есенғалиевті наград­тау туралы ұсынысты қара сиямен бір сызып, I дәрежелі «Отан соғысы» ордені­мен наградталсын деп 1945 жылғы ­24 мамырда қол қойған генерал полковник Казаков екен.

Әттең тағдырлы тұлға Адай Есенға­лиевке ерлігіне сай тие­сілі марапаты табысталса, үш дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері ретінде Кеңес Одағының батырына теңестірілетін еді. Сонда батыр жауынгерлердің қатары тағы бір адамға толығатыны даусыз болатын. Ма­хамбет ауда­ны­­­ның тұрғындары Кеңес Ода­ғының батыры Г.Канцевпен бірге А.Есен­ғалиевтің де ерлігін дәріп­теп жүрер еді. Дегенмен Жеңістің 80 жылдығы қар­саңында ерлігі ескеріліп, еліміздің жоғары марапаты «Халық қаһарманы» атағы берілсе, батырдың ерлігіне лайықты құрмет болары анық.

Майдангер Адай Есенғалиев 1950 жылдың соңында соғыс­тан кейін елге жет­кенде тауы тасқа шағылғандай болды. Өзін соғысқа аттандырған ауылы Бақ­сайдағы бір ферма түгелімен Қалмақ Республикасына көші­рілген. Нәубет жылдары әкесі Иманқожадан көз жазып қалып, тәрбиесін көрген Саян ағасын іздейді. Бақсайдағы барлық мал фермасында меңгеруші болып, елге пайдасын тигізген Саян ағасы да соңғы мобилизациямен Сталинград майданына аттанған. Бір өкініштісі, соғысқа аттанған күннің ертеңіне тылдағы жауапты тұлға ретінде оны жұмыс орнында қалдыру жөніндегі жоғары жақтың рұқсат қағазы (бронь) келеді. Бірақ бұл кезде бәрі кеш еді. Сөй­тіп, Сталинградты қорғау үшін болған сұ­рапыл шайқаста әкесіндей болған ағасы Саян Есенғалиұлы да мерт болады. Сүйегі сол жақта қалды. Бұл күнде оның есімі Волгоград қаласындағы Мамай қор­ғанын­да орнатылған ерлік тақтасында жазылған.

Ал Адай Есенғалиев Есбол ауданындағы Кулагино кеңша­рына жұмыс іздеп келіп, Қаным­зияға үйленеді. 1950–1952 жылдар ара­лығында Есбол аудандық сотында сот орындаушысы болып қызмет атқарады. Көп ұза­май бауырының майданнан оралғанын естіген інісі Алаш іздеп келіп, өзімен бірге Қалмақ Республикасына көшіріп әкетеді. Онда 1972 жылға дейін Юстин ауда­нына қарасты Харба селосында есепшілік жұмысты істейді. Сол жылы көппен бірге елге оралып, 1985 жылға дейін әртүрлі мекемеде диспечер, кадр бөлімінің инспекторы қызметін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты. Үш жылдан кейін өмірден озды.

 

Нұрым ЕРҒАЛИЕВ,

Махамбет ауданының құрметті азаматы