Сыртқы істер министрлігі Ыстамбұлдағы жер сілкінісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомство Түркия билігінің ақпараты бойынша 23 сәуірде Ыстамбұл маңында магнитудасы 6,2 балдық жер сілкінісі болып, артынан афтершоктар жалғасып жатқанын мәлімдеді.
- Қазір Түркия аумағындағы Қазақстан азаматтарынан Ыстамбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығына өтініштер түскен жоқ. ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркия билігімен және Қазақстанның Түркиядағы дипломатиялық өкілдіктерімен бірлесіп, ахуалдың дамуын қадағалап отыр. Ыстамбұл қаласындағы ҚР Бас консулдығының консулдық есебінде 1137 Қазақстан азаматы тіркелген. Отандастарымызды сабырлық танытып, қауіпсіздік шараларын сақтауға, сондай-ақ, жергілікті билік органдарының нұсқауларын мүлтіксіз орындауға шақырамыз, - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Түркияда 6,2 балдық жер сілкінісі болғаны хабарланды. Алдымен Силиври жағалауында магнитудасы 3,9 болатын жер сілкінісі тіркелген. Одан кейін магнитудасы 6,2 болатын екінші зілзала тіркелді. Жер сілкінісі шамамен 10 секунд бойы сезілген. Құрбандар мен қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ.