Алақанымызды көкке көтеріп, құдайдан біліп-білмей жасаған күнәларымыз үшін кешу сұраймыз. Алайда хакім Лев Толстой адам өміріндегі күнәнің өзі оның болмысын ашуға үлкен себеп болатынын айтады.
«Күнә менен тәубесіз өмірдің мәні ашылмайды. Күнә бейне бір жұмыртқаның қабығы яки дәннің қауызы деп ойлаңыз. Күнәдан арылу – жұмыртқа немесе дәннің жарылуы сияқты. Нәтижесінде ішіндегі тіршілік ауа мен күннің әсерінен өсіп жетіле береді. Сол секілді күнәның қауашағын жарып шыққан руханият бастауындағы сана иесі құдайдың құдіретімен жетіле береді, өсе береді», дейді Лев Толстой.
Иә, күнә – құдайдың алдындағы, кінә – адамның алдындағы қателік. Ал жатқан адам ғана сүрінбейтіні секілді, өмір сүре жүріп қателеспеу мүмкін емес. Бірақ ол қателікті екінші рет қайталамау – нағыз адамшылықтың белгісі, құдай сүйер қылық.