Әкім Тарази – ұлттық өнерді өрге сүйреген аса ірі тұлға. Әкім аға мәдениетіміздің, атап айтқанда, кино мен театрдың өркендеуіне ерен еңбек еткен ер еді.
Сан қырлы талант иелерінің негізгі бір қыры алға тартылып, басқа жақтары көмескіленіп кететін кездер де болады. Сондықтан жан ауырып жазып отырған мына қысқа қайырым азасөзде Таразидің прозасындағы стиль тазалығы, ой тереңдігі, сурет бейнелілігі, сезім шынайылығы оның театр драматургиясында, киносценарийлерінде жаңаша жарқырағанын айрықша айтқымыз келеді. Әкім Таразидің қазасына орай кеше «Tengrinews» «автор сценария классического фильма Мажита Бегалина «Следы уходят за горизонт» деп жазыпты. Артық-кемі жоқ. Солай. Әкім ағаның қолынан шыққан «Қараш-Қараш» фильмінің сценарийі жөнінде де осылай десек, артық-кемі жоқ. Қаламгердің бұл қырымен елу жылдан астам уақыт бойы жақын таныс адам ретінде мұны сеніммен айта аламын. 1974 жылы Мемлекеттік кино комитетінде деректі фильмдер редакторы қызметін атқарғанымызда Әкім аға Қазақстан кинематографистер одағы басқармасының бірінші хатшысы болатын. Жұмыс бабымен араласып қалғанымызда ағамыздың қандай қиын түйінді де салқын сабырға салып шеше беретінін талай көргенбіз, ішкі мәдениетіне талай сүйсінгенбіз. Қаламгерлік пен қайраткерлікті қатар алып жүрудің үйренерлік үздік үлгісін іздесек те, Әкім Таразидің өмірі мен өнерінен бірдей табамыз.
Ортамызды ойсыратып өткен қазаның тұсында асыл ағаның тамаша тағылымынан өнеге алатын өнер иелері шыға береді деп көңіл демдейміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері