Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасы еңбек қатынастарына байланысты заң талаптарының орындалуын тексеру барысында бірқатар өрескел бұзушылықтарды тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аймақтың бірнеше аудандары мен Петропавл қаласындағы білім беру ұйымдарында зейнетке шыққан 295 педагогке тиесілі 37,6 миллион теңге көлеміндегі өтемақы берілмегені белгілі болды. Бұл жағдайлар Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Шал ақын, Тайынша, Уәлиханов аудандарында орын алған.
Бұдан бөлек, Есіл, Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандарында біліктілігін арттыру курстарынан өткен 37 мұғалімге жалпы сомасы 4,3 миллион теңге болатын іссапар шығындары өтелмеген.
Тексеру нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 25 қызметкерге 4,9 миллион теңге көлемінде төлем жүргізілді. Қалған заңбұзушылықтарды жою бағытында жұмыстар жалғасып жатыр.